АҚШ Орталық барлау басқармасы: Иран тағы 4 ай бойы шыдас бере алады

Жарияланды 9 Мамыр 2026 09:51

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

АҚШ Орталық барлау басқармасы / фото: bloomberg

Reuters агенттігінің материалына сүйенсек, АҚШ пен Иран арасындағы соғысты тоқтату әрекеттері тығырыққа тіреліп, Парсы шығанағындағы жағдай қайта шиеленісе бастады. АҚШ Орталық барлау басқармасының (ОББ) жаңа есебіне сәйкес, Тегеран теңіз қоршауына (блокадасына) тағы төрт ай бойы шыдас бере алады. Бұл Вашингтонның Иранға экономикалық қысым жасау мүмкіндігінің шектеулі екенін көрсетеді. Алайда барлау қызметінің кейбір өкілдері бұл пікірмен келіспей, қоршаудың Иран экономикасын қазірдің өзінде тұралатып, жүйелі күйреуге әкеп жатқанын алға тартуда.

Ормұз бұғазындағы қақтығыстар

Ормұз бұғазы мен оның маңында соңғы айдағы ең ірі әскери қақтығыстар орын алды. Жұма күні Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) Иран тарапынан атылған баллистикалық зымырандар мен дрондардың шабуылына ұшырап, бірнеше адам жараланды. Бұл шабуылдар Иранның аймақтағы АҚШ базалары орналасқан елдерге қысым көрсету әрекеті деп бағалануда. Сонымен қатар, АҚШ әскерилері Иран порттарына кірмек болған екі кемеге соққы беріп, оларды кері қайтаруға мәжбүр етті. Мұндай шиеленістер әлемдік нарықта мұнай бағасының өсуіне түрткі болып, Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 101 доллардан асты.

Дипломатиялық келіссөздер мен санкциялар

Вашингтон қазір Тегераннан соғысты тоқтату туралы ұсынысқа ресми жауап күтуде. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иранның жауабын тезірек білгісі келетінін мәлімдеді. Алайда Иран билігі бұл ұсынысты әлі де қарастырып жатқанын айтып, АҚШ-ты «әскери авантюралар жасап, бітімгершілік режимін бұзып отыр» деп айыптауда. Иран тарапының мәліметінше, АҚШ-тың соңғы шабуылдарынан ирандық кеме экипажының арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар.

Сонымен қатар, АҚШ дипломатиялық қысыммен шектелмей, Иранның әскери әлеуетін әлсірету үшін жаңа санкциялар енгізді. АҚШ Қаржы министрлігі ирандық дрондарды жасауға қажетті шикізат пен қару-жарақ жеткізуге көмектескен Қытай мен Гонконгтағы компанияларға шектеу қойды. Бұл шаралар алдағы уақытта АҚШ пен Қытай басшыларының кездесуі қарсаңында жарияланып отыр, бұл Вашингтонның Иранмен сауда жасайтын кез келген шетелдік ұйымға қатаң шара қолдануға дайын екенін білдіреді.

Еске сала кетейік, сарапшылар бейбітшілік орнаса да, мұнай бағасы жақын уақытта түспейтінін болжады

Сондай-ақ оқыңыз