Иран мен АҚШ арасындағы келіссөз: Тегеранның талаптары

Жарияланды 12 Мамыр 2026 07:00

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Ормұз бұғазы / фото: gemini generated

Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Багаи Тегеран Вашингтоннан ерекше жеңілдік сұрап отырмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Иран қойып отырған талаптар заңды: соғысты тоқтату және Иран кемелеріне қарсы жасалып жатқан теңіз қарақшылығын доғару.

Багаи Америка тарапын тек Израиль басшылығының көзқарасына сүйеніп, біржақты және негізсіз талаптар қойып отыр деп айыптады.

Дипломат Ормұз бұғазы арқылы қауіпсіз өтуді қамтамасыз ету немесе Ливан мен бүкіл аймақта бейбітшілік орнатуды сұрау «ақылға сыйымсыз» талап емес екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта Тегеран үшін ең басты мәселе – соғыстың кез келген түрін тоқтату және Парсы шығанағы мен Ормұз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін сақтау. Сонымен қатар, күн тәртібінде АҚШ-тың сауда кемелеріне қарсы бағытталған заңсыз әрекеттерін тоқтату мәселесі тұр.

Ядролық қару мәселесі және бейбітшілік жоспары

Ядролық бағдарлама мен уран байытуға қатысты мәселелер бойынша Тегеран нақты шешімді кейінірек қабылдайтынын жеткізді. Багаи бұл тақырып уақыты келгенде ғана талқыланатынын айтты.

Айта кетейік, мамырдың басында Иран АҚШ-қа 14 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарын ұсынған болатын. Ол жоспарда соғысты тоқтату, шабуыл жасамау кепілдігін беру, теңіз блокадасын алу, Иранның бұғатталған ақшасын қайтару және Америка әскерін көрші елдерден шығару сияқты талаптар бар.

Иран тарапы мәселелерді 30 күн ішінде шешуді ұсынды, өйткені оларға уақытша бітім емес, соғыстың біржола аяқталғаны маңызды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ұсыныстарын «қолайсыз» деп тауып, қабылдамады. Тегеран болса Трамп сөздеріне ешқандай мән бермейтінін мәлімдеді.

Дегенмен, кейбір дереккөз екі елдің өкілдері осы аптада Исламабадта келіссөзді қайта бастауы мүмкін екенін және үлкен мәмілеге жақын екенін айтады.

Трамптың өзі де соңғы күндері келіссөздер жақсы жүріп жатқанын, Иран ядролық қарудан бас тартуға келіскенін айтып, келісімге келу мүмкіндігі жоғары екенін меңзеді.

Қазір қос тарап арасында сәуір айында бекітілген уақытша бітім күшінде тұр. Соған қарамастан, өткен аптада бір-біріне әскери соққы беріп, жағдай әлі де тұрақсыз екенін көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыз