
Әлемге әйгілі Netflix стриминг сервисі испаниялық феноменге айналған «Қағаз үй» сериалы қайта оралатынын ресми түрде хабарлады.
Netflix YouTube арнасында трейлер шығарып көрермендерін қызықтырып қойды.
«Революция аяқталған жоқ. «Қағаз үйді» енді біз басқарамыз. Егер келесі жоспар қандай екенін білгіңіз келсе, бізбен бірге болыңыз», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта жобаның нақты форматы құпия сақталып отыр. Netflix бұл сериалдың толыққанды жаңа маусымы бола ма, әлде басқа бір форматта жалғасы ма, ол жағын нақтыламады. Сондай-ақ актерлік құрамнан кімдер оралатыны да әзірге белгісіз.
«Қағаз үй» сериалының тарихы
2017-2021 жылдары шыққан сериал тонаушылар тобының айналасындағы оқиғаларға құрылған. Урсула Корберо, Альваро Морте және Педро Алонсо секілді актерлер әлемдік жұлдызға айналды. 2022 жылы Netflix сериалдың корейлік римейкін ұсынды. 2023 жылы басты кейіпкер туралы «Берлин» атты спин-офф (қосымша хикая) жарық көріп, үлкен табысқа кенелді. Қазіргі таңда «Берлин» хикаясы екінші маусымға ұзартылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Netflix Қарағандыдағы еңбекпен түзету лагері (Қарлаг) туралы фильм түсірген еді.