
Чехияда белгісіз біреу шіркеуден әулие Здислава Лемберкскаяға тиесілі деп есептелетін 800 жылдық бас сүйекті ұрлап кетті, деп хабарлайды Reuters.
Жәдігер Прагадан солтүстікке қарай шамамен 110 шақырым жердегі Яблонне-в-Подьештеди қаласында орналасқан Әулие Лаврентий және Әулие Здислава базиликасының витринасында болған.
Ұрлық 12 мамырда болған, бірақ полиция бұл туралы келесі күні ғана хабарлады. Бейнебақылау камерасына түскен кадрлардан қара киімдегі адамның қолына бас сүйекті ұстап, орындықтардың арасымен жүгіріп бара жатқанын көруге болады. Жәдігер сақталған витрина шағылған.
Басында полиция күдіктіні ер адам деп атағанымен, кейінірек баспасөз қызметі тергеушілердің камера жазбаларын әлі де зерттеп жатқанын және әзірге ол адамның жынысын да, жеке басын да анықтай алмай отырғанын нақтылады.
Прага архиепископы Станислав Пршибил болған оқиғаны сұмдық жаңалық деп атады.
«Қажылар бұл бас сүйекті қасиетті жәдігер ретінде құрметтейтін. Біреудің тал түсте шіркеуден тек тарихи ғана емес, сенушілер үшін рухани құндылығы бар жәдігерді ұрлап кеткеніне сене алар емеспін», – деді ол.
Здислава Лемберкская XIII ғасырда, 1220-1252 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол қайырымдылығы, жомарттығы және кедейлерге көмектескені үшін құрметке ие болған. 1995 жылы Рим папасы Иоанн Павел II оны әулиелер қатарына қосты.