
2026 жылдың төрт айында аймақтарға тартылған инвестиция бойынша үшінші орынға Түркістан облысы көтерілді. Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестиция (НКИ) 57,4%-ға өсіп, 470 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш Атырау облысымен салыстырғанда шамамен 70 млрд теңгеге артық.
ТradeReport мәліметінше, инвестиция көлемінің 9,4 есе өсуіне байланысты Сайрам ауданы айтарлықтай серпіліс көрсетті.
Ол жерде Қазақстандағы ең ірі, қуаттылығы 1000 МВт болатын газ-электр станциясы салынып жатыр. Жоба 4 газ турбинасын, 4 қазандық-утилизаторды және 2 бу турбинасын қамтиды.
Түркістан облысы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша үшінші орынға шықты
2026 жылдың қаңтар-сәуір қорытындысы бойынша
Жамбыл облысын да жеке атап өткен жөн. Өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобалардың арқасында аймақ өз позициясын күрт жақсартты (16-орыннан 5-орынға бір-ақ көтерілді).
Олардың қатарында қытай инвесторларының қатысуымен салынып жатқан жүгеріні терең өңдейтін зауыт пен цемент зауытының құрылысы бар.
2024 жылдан бастап Астана қаласы Қазақстанның мұнайлы астанасы – Атырау облысын артта қалдырып, еліміздің басты инвестициялық өңіріне айналғаны белгілі. Ал 2025 жылы Атырау екінші орынды Алматы қаласына да беріп қойды.
2026 жылы Атырау облысы құлдыраудан қайта шыққандай: қаңтар-сәуір айларында негізгі капиталға салынған инвестиция 0,7%-ға өсті. Бірақ бұл көрсеткіштің өзі үшінші орынды сақтап қалуға жеткіліксіз.
Қорыта келгенде, еліміздің инвестициялық картасы айтарлықтай өзгеріп келеді. Егер бұрын көшбасшы орындар бірден мұнаймен және екі астанамен байланыстырылса, қазір алдыңғы қатарға ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалары бар оңтүстік өңірлер шыға бастады.
Айта кетейік, түріктер Түркістанға БАД шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.