
Парламент «ҚР Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Заң жобасы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Құжат 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция нормаларын іске асыру үшін әзірленген.
Құрылтайдың мәртебесі мен өкілеттігі айқындалды
Заңда бір палаталы Парламент – Құрылтайдың конституциялық-құқықтық негіздері бекітілген. Сонымен қатар оның мемлекеттік билік жүйесіндегі орны, қызмет қағидалары, құрылымы, жасақталу тәртібі және өкілеттіктерін жүзеге асыру тетіктері анықталған.
Құрылтай 145 депутаттан тұрады
Жаңа заң шығарушы орган бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан құралады.
Құжатта депутаттардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері белгіленген. Сондай-ақ депутаттық бірлестіктерді, парламенттік көпшілік пен оппозицияны құру тәртібі және депутаттық әдеп нормалары қарастырылған.
Заң ұсыну құқығына ие ұйымдар саны артады
Жаңа заңға сәйкес, заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілер қатары кеңейтіледі. Енді бұл құқық Қазақстан Халық Кеңесіне де беріледі. Ол Құрылтайға тиісті шешім енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Құрылтайға Үкімет жұмысына қатысты жаңа өкілеттіктер беріледі
Конституциялық заңда Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл тәртібі де көрсетілген. Атап айтқанда, Үкімет мүшелерінің лауазымына ұсынылатын кандидаттар бойынша консультациялар өткізу, олардың есептерін тыңдау және өзге де рәсімдер белгіленген.
Сонымен қатар мемлекеттік бюджет шығыстарын көздейтін депутаттық бастамалар бойынша Үкімет қорытындысын үш ай ішінде ұсыну тәртібі енгізіледі.
Жоғары лауазымдарға тағайындау кезінде Құрылтайдың келісімі қажет болады
Заң аясында Құрылтайға Президент ұсынған бірқатар жоғары лауазымдарға келісім беру өкілеттігі қарастырылған.
Атап айтқанда:
- Вице-Президент;
- Премьер-Министр;
- Конституциялық Сот судьялары;
- Орталық сайлау комиссиясының мүшелері;
- Жоғары аудиторлық палата мүшелері.
Жоғарғы Сот судьяларын сайлау құқығы ұсынылды
Сонымен бірге Президенттің ұсынысымен Құрылтай депутаттарына Жоғарғы Сот судьяларын сайлау өкілеттігін беру қарастырылып отыр. Бұдан бөлек, заңда Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмаушылық құқығынан айыру тетіктері де енгізілген.