Алматыда мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды

Жарияланды 21 Мамыр 2026 20:27

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: Алматы әкімдігі

Бүгін, 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай, Алматы қаласында шығармашылық сала өкілдерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Кәсіби мереке аясында ел мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген майталмандарға мемлекеттік жоғары марапаттар, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамоталары мен қала әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.

Салтанатты жиынды ашқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов мәдениет пен өнердің қоғамның рухани діңгегі екенін атап өтіп, зиялы қауым өкілдерін құттықтады.

«Сіздер сахнада да, сахна сыртында да қалам мен қылқалам, музыка мен би, театр мен кино арқылы қоғамның рухани жаңғыруына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңіріп келесіздер. Мәдениет саласының дамуына қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғыс білдіремін», – деді қала әкімінің орынбасары.

«Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалі

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мәдениет саласындағы көпжылдық елеулі еңбегі мен ел алдындағы айрықша қызметі үшін бірқатар азаматтың мерейі үстем болды.

Атап айтқанда, ұлт ұстазының мұрасын түгендеп жүрген Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің басшысы Райхан Сахыбекқызы Имаханбет «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал елордалық және отандық сахналарда дәстүрлі өнерді ұлықтап жүрген «Алматы әуендері» шығармашылық бірлестігінің солисі Абзал Серғазыұлы Арықбаев «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

Сала ардагерлері мен үздіктеріне құрмет

Мәдениет, баспа және өнер саласын дамытуға сіңірген зор еңбегі үшін бір топ маман «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Шара Әбікенқызы Боздақова – А. Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері, Құрманғали Мұқашұлы Досбатыров – Қазақ мемлекеттік циркінің цирк нөмірлерінің жетекшісі, Жамал Камалұлы Момышов – «Дәуір» баспасының цех бастығы, Ирина Федоровна Самойлюк – «Атамұра» баспасының жетекші редакторы, Мәрзия Түсіпжанқызы Манабова – «Мектеп» баспасының маманы, Гүлнәр Құдабаева – мәдениет саласының ардагері, Бибажар Маханбетова – ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі әнші-термеші бар.

Сонымен қатар, өз саласының нағыз кәсіби шеберлеріне айналған Алмаз Сартаев (Мәдениет басқармасы), Меруерт Мұхамеджанова, Әділ Теміржанов («Алматы әуендері»), Саттар Ерубаев, Оңдасын Бесікбасов («Алатау» театры), Досбол Байғұнаков (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры), Гүлнәр Қасымова және Дина Базарова (А. Жұбанов атындағы мектеп-интернат оқытушылары) «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін кеуделеріне тақты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан мәдениет майданының дамуына үлес қосып жүрген Айжан Илгитаева (Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы), Светлана Мамытқанова («Дәуір» баспасы), Алмас Сейсекенов (Музейлер бірлестігі) және Гүлвира Бейсембаева (Мемлекеттік қуыршақ театры) Құрмет грамотасымен ұлықталды.

Ал Кенжегүл Жорабаева, Ардақ Беркімбаев («Алатау» дәстүрлі өнер театры) және Сергей Голивец («AlJazz Symphony» оркестрі) сынды өнерпаздар министрдің Алғыс хатына ие болды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада Тоқаев мәдениет саласының қызметкерлерін марапаттаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз