Орталық стадион дүбірледі: «КешYOU» тобының 20 жылдық мерейтойы қалай өтті

Жарияланды 29 Мамыр 2026 23:35

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Концертке 30 мыңға жуық адам жиналды/Фото: instagram.com/KeshYou_official, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Алматыдағы Орталық стадионда отандық шоу-бизнестің ең танымал әрі аңызға айналған қыздар ұжымы «КешYOU» тобының 20 жылдық мерейтой концерті өтті. 30 мыңға жуық көрермен жиналған бұл кеш нағыз ностальгия мен жоғары деңгейдегі шоудың синергиясына айналды.

Кеш барысында топтың тарихында өшпес із қалдырған хит әндер шырқалып, стадионға жиналған халық әр туындыны қосыла шырқады.

«Алтын құрамның» оралуы

Концертте Кәмшат Жолдыбаева, Жанар Дұғалова, Айдана Меденовадан тұратын алтын құрам қайта бас қосты. Олар шыққан сәтте тыңдармандар орнынан тұрып, тоқтаусыз қол соғып, ерекше құрмет көрсетті.

Сондай-ақ кеште ЖИ (AI) технологиясы қолданылды. Концерт барысында қазақ арулары ән айтқан сәтте үлкен экрандардан жасанды интеллект арқылы дайындалған арнайы видеороликтер көрсетілді. Видео кейіпкерлерінің арасында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да бар.

Айта кетейік, көпшілік күткен әнші Балжан Бидаш бұл кешке қатыспады. Оның орнына сахнада Хулан өнер көрсетті.

Жобаның негізін қалаушы продюсерлер Баян Мақсатқызы мен Бағым Мақсатқызы сахнаға шығып, жиналған қауымға алғыс білдірді. 20 жыл бойы қазақ эстрадасының биігінен түспеген жобаның авторларына көрермендер ыстық ықыласымен жауап берді.

Бұған дейін продюсер Баян Алагөзова «КешYOU» туралы деректі фильмінің үшінші бөлімінде Мөлдір Әуелбекова туралы сөз қозғады.

Сондай-ақ оқыңыз