
Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орны – Теңізде мұнай өндіру көлемі күрт төмендеді. Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасап Kursiv Media хабарлайды.
Reuters мәліметінше, Теңіздегі өндіріс 90 пайыздан астамға қысқарып, тәулігіне 125 мың тоннадан 5-10 мың тоннаға дейін азайған.
Агенттіктің ақпаратына сүйенсек, алып кен орнындағы мұнай өндіру ісі 26 мамырда болған апаттан кейін құлдыраған, алайда оның себептері айтылмай отыр. Осы жағдайға байланысты Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүйесіне мұнай жеткізу көлемі қысқартылды. Reuters дереккөздерінің айтуынша, қазір өндіріс біртіндеп қалпына келіп жатыр, ал жұмысты толық жаңғырту үшін шамамен бір апта уақыт кетуі мүмкін.
Кейінірек өндірістің төмендегенін «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы да растады. Жобаның негізгі акционері – америкалық Chevron компаниясы да жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«2026 жылғы 28 мамырда «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы өз нысандарының бірінде аздаған операциялық ақауға тап болды. Қазіргі уақытта ТШО-да өндіріс қалпына келтірілу үстінде. ТШО-ның басты басымдығы – қауіпсіз әрі сенімді өндірістік қызметті қамтамасыз ету. Бұдан бөлек, ТШО өзінің өндірістік қызметі мен коммерциялық мәселелерінің нақты бөлшектеріне түсініктеме бермейді», – деп хабарлады компаниядан.
Chevron компаниясы да нысанның қауіпсіз әрі сенімді жұмыс істеуі басты назарда қала беретінін жеке атап өтті.
«Компанияның басты міндеті – қауіпсіз әрі сенімді жұмысты сақтау. ТШО өзінің қызметі мен коммерциялық мәселелері туралы қосымша мәліметтерді жарияламайды», – делінген америкалық компанияның түсініктемесінде.
ТШО-ның негізгі акционері – 50 пайыз үлесі бар Chevron компаниясы. Тағы 25 пайызы – Exxon Mobil-ге, 20 пайызы – «ҚазМұнайГазға», ал 5 пайызы «Лукойлға» тиесілі.
Теңіз – Қазақстандағы негізгі мұнай жобаларының бірі саналады және еліміздің экспорттық жеткізілімдерінің едәуір бөлігін қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, Каспий құбыр консорциумы қазақстандық акционерлерге 272,9 млн доллар дивиденд төледі