KeshYOU тобының мерейтойлық концерті Астанада жалғасуы мүмкін

Жарияланды 2 Маусым 2026 11:34

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: скрин

Алматыны дүр сілкіндірген KeshYOU тобының 20 жылдық мерейтойлық шоуы енді елорда төрінде қайталануы мүмкін. Продюсер Баян Алагөзова Астанада екінші концертті ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Жақында ғана Алматының Орталық стадионында өткен ауқымды концерттен кейін, жоба жетекшісіне елордалық тыңдармандардан сансыз өтініштер келіп түскен. Продюсердің айтуынша, Алматыдағы кеш жоғары деңгейде өтіп, келген көрермендердің 99 пайызы шоудан ерекше әсер алып, тәнті болған.

Астаналықтардың сұранысы

Алматыдағы аншлагтан кейін Астана тұрғындары мен қонақтары да осы тарихи сәтке куә болуды қалайтындарын жеткізген. Сұраныстың жоғары екенін байқаған Баян Алагөзова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы сауалнама жүргізді.

«Қазіргі уақытта Астанада дәл осындай мерейтойлық концерт өткізу мүмкіндігін байыппен қарастырып жатырмыз», – деп атап өтті продюсер.

Еске сала кетейік, 29 мамыр күні Алматының Орталық стадионында Қазақстандық шоу-бизнестің ең танымал әрі табысты герлз-бэндтерінің бірі KeshYOU тобының 20 жылдығына арналған кеште топтың әр жылдардағы экс-солистері бас қосып, хит әндерін шырқаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз