Спорт

Роланд Гаррос 2026: Заңғар Нұрланұлы ширек финалға қиналмай өтті

Қазақ теннисшісі Заңғар Нұрланұлы
Жас теннисші Заңғар Нұрланұлы ірі турнирде екінші жеңісін тойлады / фото: Instagram/Zangar Nurlanuly

17 жастағы қазақ теннисшісі Заңғар Нұрланұлы Роланд Гарростың жасөспірімдер арасында турнирінің ширек финалына еш қиындықсыз өтті. Ол Парижде өтіп жатқан дүбірлі турнирде тағы бір қарсыласын ойсырата жеңді.

Заңғар Нұрланұлы Франция ашық біріншілігінің 18 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы жарысының ширек финалына өтті. 1 маусымда қазақ спортшысы америкалық Рашер Агассиді екі сетте ойсырата жеңді. Есеп: 6:2; 6:1.

Оның 1/4 финалдағы қарсыласы сейсенбі күні анықталады. Заңғар 3 маусымда Янник Альварес пен Леонардо Шторк Франка матчының жеңімпазымен кездеседі.

Айта кетейік, Нұрланұлы ірі турнирдің алғашқы кезеңінде ағылшын теннисшісі Марк Чебанмен кездесіп, 6:3, 6:4 есебімен басым түскен.

Қазір Заңғар Нұрланұлы ITF-тің 18 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы әлемдік рейтингінде сегізінші орында тұр.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басында Заңғар Австралия ашық біріншілігінің жартылай финалына дейін жеткен.