Тоқаев «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясына барды

Жарияланды 2 Маусым 2026 17:51

Айгерім Таубай

Айгерім Таубай

General news бөлімінің аға журналисі a.taubay@kursiv.media
Тоқаев FIFA талаптарына сай келетін футбол алаңын аралады/фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясына барды.

Балаларға арналған жатақхана

Мемлекет басшысы академияның 180 балаға арналған жатақханасын аралап көрді. Қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген 116 бала жаттығады.

Академия ойыншыларын испандық бапкерлер іріктеп, оған Қазақстанның барлық өңірінен 4 мыңнан аса бала қатысты. Орталықта жас футболшылардың толыққанды оқу үдерісіне, жаттығулары мен жеке даярлығына барлық жағдай жасалған.

Президентке академияны дамыту және спорттық инфрақұрылымды кеңейту жоспары көрсетілді. Осы орайда жасанды көгалы бар екі ашық футбол алаңын, 500 орындық жабық манеж және әкімшілік-тұрмыстық кешеннің жаңа ғимаратын салу көзделген.

фото: Ақорда

FIFA талабына сай футбол алаңы

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жабындысы FIFA талаптарына сай келетін футбол алаңын көрді, сондай-ақ допты игеру техникасы мен испан әдістемесі бойынша командалық іс-қимыл дағдыларын пысықтауға кіріскен жас футболшылардың жаттығуын тамашалады.

Іс-шараға Испанияның Қазақстандағы елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес, «Атлетико Мадрид» футбол клубы директорлар кеңесінің мүшесі Давид Вилья, аталған клубтың академия істері және халықаралық даму жөніндегі директорының орынбасары Мария Тереса Кириви қатысты.

фото: Ақорда

Айта кетейік, президент кездесуден естелік ретінде футбол добына қолтаңба қалдырды.

Сондай-ақ оқыңыз