Қоғам

Депутат желіде «комментарий» жазғаны үшін сотталғандарға рақымшылық жасауды сұрады

Ринат Зайытов
Мәжіліс рақымшылық жасау туралы заң жобасын қарап жатыр/Фото: Асқар Ахметуллин; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен сотталған азаматтарға рақымшылық жасауды сұрады.

Айтуынша, мұндай әрекет халықаралық аренада президенттің абыройын асқақтатады.

«Бізде бір өкінішті жағдай бар: әлеуметтік желіде «комментарий» жазғаны үшін сотталып жатқан адамдар бар. Әріптестерімнен жалынып тұрып сұрайтыным – қылмыстық кодекстің 274-бабымен (көрінеу жалған ақпарат тарату) жауапқа тартылған азаматтарға рақымшылық жасауға ықпал ету», – деді Ринат Зайытов.

Еске салайық, 2026 жылдың 20 наурызында журналист Ботагөз Омарованы «президенттің ат қоралары» жайлы материалына байланысты полицияға шақырды. Кейін «көрінеу жалған ақпарат тарату» ісі бойынша күдікті деп танып, үй қамаққа алды. 22 мамырда Омароваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, құжатты Сенаттың қарауына жіберді.

ІІМ дерегінше, қазақстандықтардың 17 млрд теңге айыппұлы кешіріледі. Тізімді Бас прокуратура жасайды. Айыппұлы кешірілген азаматтарға хабарлама жіберіледі.