
TikTok әлеуметтік желісінің негізін қалаған қытай миллиардері Чжан Имин Азияның екінші бай адамы атанды. Bloomberg оның байлығын 92,8 млрд долларға бағалады.
Азия байлары
ByteDance компаниясының негізін қалаушысы Чжан Иминнің дәулеті артты. Ол технология саласының қарқынды өсуі арқасында Азия құрлығындағы екінші бай адам атанды. Қытай миллиардері дәулеті бойынша үндістандық Мукеш Амбаниді басып озды.
Дегенмен құрлықтағы ең бай адам тізімінде тағы бір үндістандық Гаутам Адани тұр. Қазір Азиядағы ең бай үш адам мыналар:
- Гаутам Адани (Үндістан, Adani Group);
- Чжан Имин (Қытай, ByteDance/TikTok);
- Мукеш Амбани (Үндістан, Reliance Industries).
Bloomberg миллиардерлер рейтингінде Аданидің 117 млрд, ал Амбанидің 86,9 млрд доллар байлығы бар екені айтылған.
TikTok қожайыны кім
43 жастағы Чжан Имин 2012 жылы ByteDance компаниясының негізін қалады. Оның алғашқы кеңсесі Бейжіңдегі төрт бөлмелі пәтерде орналасты.
Компания сол кезде ЖИ-ге негізделген Toutiao жаңалықтар агрегаторын жасап шығарды. Ал TikTok-тың Қытайға арналған нұсқасы (Douyin) 2016 жылғы қыркүйекте іске қосылса, бір жылдан соң әлем нарығына шықты. Кәсіпкер 2017 жылы Musical.ly музыка қызметін 1 млрд долларға сатып алып, оны TikTok-пен біріктірді.
Содан бері әлеуметтік желі қолданушылары әлемде артып келеді. Қазір оның 2 миллиардқа жуық белсенді тұтынушысы бар. TikTok Қазақстанда да танымал желі.
Чжан Имин 2021 жылы ByteDance басшылығынан кетті. Оған Қытай билігінің технологиялық секторға қысымы әсер етті. Қазір миллиардер Сингапурда тұрады. Көпшілік алдына шыға бермейді, әлеуметтік желілерде де белсенді емес. Көпшілік оның интроверт адам екенін жақсы біледі. Чжан Имин жалғыз қалғанын ұнататынын мәлімдеген.