Алтын-валюта қоры рекорд жаңартты: Тоқаев Ұлттық банктің есебін тыңдады

Жарияланды 4 Маусым 2026 20:24

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General news бөлімінің журналисі a.tolendi@kursiv.media
Инфляция бәсеңдеп, алтын-валюта қоры рекорд жаңартты / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдап, қаржы институтының 2025 жылғы жұмыс қорытындылары мен алдағы жоспарлары туралы есебін тыңдады.

Кездесу барысында негізгі назар ақша-несие саясаты, қаржы секторының тұрақтылығы және цифрлық трансформация мәселелеріне аударылды.

Инфляция көрсеткіші төмендеді

Тимур Сүлейменовтің баяндауынша, елімізде инфляция деңгейін төмендету бойынша оң динамика байқалады. Былтыр инфляция 12,3 пайызға дейін бәсеңдесе, биылғы мамыр айындағы жағдай бойынша көрсеткіш 10,4 пайызды құрады. Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, инфляцияны одан әрі ауыздықтау бойынша кешенді жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Резервтер мен активтердің өсімі

Ұлттық банк басшысы қаржы жүйесінің сенімділігін көрсететін маңызды сандарды жариялады:

  • Алтын-валюта резерві: Былтыр рекордтық деңгейге жетіп, 65,4 миллиард долларды құрады.
  • Ұлттық қор: Валюталық активтер 5,1 миллиард долларға өсіп, жалпы көлемі 63,9 миллиард долларғажетті.
  • БЖЗҚ активтері: Зейнетақы активтері 2,7 триллион теңгеге артып, 25,1 триллион теңгеге дейін ұлғайды.

Цифрлық қаржы инфрақұрылымы дамуда

Қазақстан өңірде бірінші болып Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын іске қосты. Жүйе биометриялық қауіпсіздік, банкаралық есеп айырысу, «цифрлық теңге» және алаяқтықтан қорғау сияқты заманауи құралдарды қамтиды.

Сонымен қатар, 2025 жылы цифрлық активтерге арналған арнайы құқықтық режим шеңберінде 30-дан астам пилоттық жоба сәтті жүзеге асырылды. Олардың қатарында активтерді токендеу және стейблкоиндер шығару сынды инновациялық бағыттар бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз етуді басты міндет ретінде айқындады. Сондай-ақ, Ұлттық банк пен Үкіметке макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау және инфляцияны тежеу бойынша үйлесімді жұмыс жүргізуді тапсырды. Одан бөлек, қаржы нарығындағы озық цифрлық инфрақұрылымды әрі қарай дамытудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Сондай-ақ оқыңыз