
Forbes Kazakhstan басылымы еліміздің жас көшбасшыларына арналған жыл сайынғы дәстүрлі «30 жасқа дейінгі 30 дарын» рейтингін жариялады. Биылғы тізімде отандық спорт саласының атын әлемдік деңгейде танытып жүрген жас таланттар шоғыры ерекше көзге түседі. Рейтингке енген спортшылардың жасы 2026 жылдың 1 маусымындағы мәлімет бойынша көрсетілген. Назарларыңызға биылғы тізімді толтырған спорт жұлдыздарын ұсынамыз.
Дастан Сәтбаев (17 жас)
Алматылық «Қайрат» ФК академиясының түлегі соңғы маусымдардағы отандық футболдың басты жұлдызына айналды.
2024 жылы жасөспірімдер арасындағы QJ League жобасының ең құнды ойыншысы (MVP) атанып, 15 жасында «Қайраттың» негізгі құрамында дебют жасады. 2025 жылы Қазақстан Премьер-лигасының үздік ойыншысы атанып (25 матчта 14 гол), 17 жасында УЕФА Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жас гол авторларының үздік үштігіне енді.
2025 жылдың ақпанында оның ағылшындық «Челси» клубына рекордтық трансфері рәсімделді ( ауысу құны 4 млн еуроға бағаланды).
Темірлан Анарбеков (22 жас)
«Қайраттың» дарынды қақпашысы еуропалық аренада сенсация жасады.
2025 жылдың жазында УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде «Селтикке» қарсы шешуші матчта пенальти сериясынан 3 соққыны қайтарып, клубты өз тарихында тұңғыш рет Еуропаның элиталық кезеңіне алып шықты.
Грекияның «Олимпиакосына» қарсы ойында 8 сэйв жасап, қазақстандық футболшылар арасында алғашқы болып «Матчтың үздік ойыншысы» (MVP) жүлдесін алды. SofaScore порталының нұсқасы бойынша 8,17 орташа ұпаймен Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үздік 3 ойыншының қатарына енді. 2025 жылдың қыркүйегінде ҚР ұлттық құрамасында дебют жасады.
Кәрім Меңдіқанов (15 жас)
Орал мен Астана футбол мектептерінен шыққан оң қанаттағы вингер 2022 жылы отбасымен бірге Испанияға қоныс аударған.
Испанияның U15 чемпионатында «Сан-Кугат» сапындағы сәтті ойындарынан кейін топ-клубтардың скауттарының назарына түсті.
2026 жылдың жазында футболшы ресми түрде каталониялық «Барселона» құрылымына қосылады. Ол Испанияның бұл гранд клубының тарихындағы тұңғыш Қазақстан өкілі атанбақ.
Александр Бублик (28 жас)
Қазақстанның бірінші ракеткасы өз карьерасындағы ең үздік маусымдарын өткізіп жатыр.
2025 жылы Галледегі ATP 500 турнирінде әлемнің 1-ракеткасы Янник Синнер мен Даниил Медведевті ұтып, чемпион атанды. Кейіннен Швейцария, Австрия және Қытайдағы жарыстарда топ жарды.
2026 жылдың қаңтарында Гонконгтағы ATP 250 турнирін жеңіп, отандық ерлер теннисі тарихында тұңғыш рет әлемдік ATP рейтингінің ТОП-10 қатарына кірді. Карьерасында жалпы 9 ATP титулы бар.
Данил Голубенко (21 жас)
Counter-Strike 2 пән-түрі бойынша «molodoy» никнеймімен өнер көрсететін кәсіби снайпер-киберспортшы.
2025 жылдың сәуірінде Бразилияның әйгілі «FURIA Esports» клубымен келісімшартқа отырды.
2025 жылы беделді «Thunderpick World Championship» турнирін жеңіп алып, бірнеше рет MVP жүлдесіне ие болды. HLTV порталының тұжырымы бойынша әлемнің үздік 6 ойыншысының қатарына енді.
Тізімге үміткерлер Forbes.kz сайты арқылы түскен өтінімдер, журналдың өз материалдары, сарапшылардың ұсыныстары мен жеке дереккөздер негізінде іріктелді. Финалистер спорттан бөлек кәсіпкерлік, ғылым, медиа, технология, өнер және шоу-бизнес сияқты түрлі санаттар бойынша анықталды. Рейтингтің толық нұсқасын басылымның ресми сайтынан көруге болады.
Еске сала кетейік, Дастан Сәтбаев маусым айында «Қайрат» сапындағы соңғы ойындарын өткізеді. Кейін Лондонға «Челси» футбол клубымен бірге оқу-жаттығу жиындарына аттанады.