
6 маусымда зейнетақы жинағының жеткілікті шегі өзгеріп, бірден 79 пайызға өсті. Соған сәйкес, зейнетақы шотындағы артық ақшаны алу үшін 20 жастағы жігіттің шотында кемі 6 млн 670 мың теңге жиналуы керек болса, 40 жастағы азаматтың зейнетақы жинағы 13 млн 370 мың теңге болуы шарт.
Қазір қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары бір үлкен қазандықта қайнап жатыр деуге болады. Өйткені бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақталған қаржының басым бөлігі – 99,6%-ын Ұлттық банк басқарады.
Яғни, бас банк бұл қаржының түрлі активтерге инвестициялап, табыс алуға тырысады. Дегенмен, 2021 жылдан бері азаматтар өз зейнетақы жинағын жеке компанияларға басқаруға бере алады. Бүгінде 5 жеке компания қазақстандықтардың зейнетақы жинағын инвестициялаумен айналысады.
Бірақ салымшылардың өз еркімен жеке басқарушы компанияның басқаруына сеніп тапсырған қаржы үлесі 0,4%-ға да жетпейді. 2026 жылдың 1 мамырындағы дерек бойынша 131,5 млрд теңгені құрайды. Заң бойынша таңдау құқығы бар болса да, азаматтардың көбі ақпараттың аздығы немесе шешім қабылдауға жүрексінгендіктен бұл тетікті қолданбай келеді.
Дегенмен нарықтағы кірістілік көрсеткіштері жеке басқарушылар қызметінің тиімділігі жоғары екенін байқатады.
Мысалы, 2026 жылғы 1 мамырдағы ресми мәлімет бойынша, компаниялардың жылдық кірістілік деңгейі мен олардың басқаруындағы қаражат көлемі төмендегідей:
| Сенімгерлік басқарушы компания | Зейнетақы активтері, млрд теңге, 01.05.2026ж | Инвестициялық табыс, млрд теңге 01.01.26ж-дан бастап | Инвестициялық табыс, млрд теңге, соңғы 12 ай ішінде | ЗА кірістілігі, % 01.01.26ж-дан бастап | ЗА кірістілігі, %, соңғы 12 ай ішінде |
| BCC Invest | 13,55 | 0,392 | 0,861 | 3,05% | 8,91% |
| Halyk Global Markets | 7,28 | 0,204 | 0,727 | 2,37% | 10,26% |
| Alatau City Invest | 17,03 | 0,445 | 1,724 | 2,62% | 12,59% |
| Сентрас Секьюритиз | 8,28 | 0,298 | 0,637 | 4,95% | 17,60% |
| Halyk Finance | 59,69 | 1,542 | 4,685 | 2,66% | 10,71% |
| Tansar Capital | 0,05 | 0,00021 | 0,00021 | 0,57% | 0,57% |
| ҚР Ұлттық Банкі | 25 574,23 | 2, 780 | 2 276,140 | 0,00% | 8,57% |
Соңғы 12 айдаға табыс тұрғысынан қарасақ, бірнеше компанияның кірісі сәуір айындағы 10,6% жылдық инфляциядан сәл асқан.
Кестеден Ұлттық банк басқаруындағы активтердің соңғы 12 айдағы табысы 8,5 пайыз болса, ал 2026 жылдың 4 айындағы табыстылығы нөлге тең екені байқалады.
Оған теңгенің долларға қатысты бағамын 505 теңгеден 462,9 теңгеге дейін нығаюы себеп. Ұлттық банк басқаруындағы қаржының біраз бөлігін валюталық активтерге салынғандықтан, шетел валютасы арзандаған кезде, зейнетақы жинақтарына табыс түспеген.
Жеке басқарушы компанияны қалай таңдау керек
Болашақ зейнеткер ретінде жинақты тек сақтап қана қоймай, оның көлемін арттырғыңыз келсе, оғар тікелей атсалысу керек. Нарық басқарушыны дербес таңдауға толық мүмкіндік беріп отыр.
Бұл процесті ашық әрі ыңғайлы ету үшін арнайы invest.enpf.kz интернет-платформасы іске қосылған.
Бұл ресурс жеке инвестициялық компаниялар туралы барлық негізгі ақпаратты біріктіріп, олардың қызметі туралы жүйелі мәлімет береді. Ол көрсеткіштерді нақты әрі көрнекі түрде салыстыру, инвестициялық стратегияны саналы түрде таңдау және салымшы тарапынан толық бақылау орнату үшін жасалған.
Платформадағы жеке кабинет арқылы салымшылар жеке компанияларға аударуға немесе Ұлттық банктің басқаруына қайтаруға болатын зейнетақы жинағының нақты сомасын тексере алады.
Сондай-ақ жеке басқарушыны таңдау немесе ауыстыру бойынша электронды өтініш берудің ережелері және шарттарымен таныса алады.
Оған қоса, сайт арқылы тікелей өтініш жолдап, оның орындалу барысын бақылауға және цифрлық форматтағы басқа да зейнетақы қызметтерін пайдалануға мүмкіндік бар.
Жеке басқарушы компаниялар (Jusan Invest, Halyk Global Markets, BCC Invest, Centras Securities) — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми лицензиясына ие кәсіби ұйымдар.
Олар консервативті Ұлттық банкке қарағанда, акциялар, халықаралық ETF қорлары және корпоративтік облигациялар сияқты түрлі қаржы құралдарын пайдалана отырып, неғұрлым әртараптандырылған инвестициялық стратегияларды ұсынады.
Ереже бойынша, салымшылар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан жинақтың 50%-на дейінгі бөлігін, тіпті жеткіліктілік шегіне жетпесе де, жеке компанияларға аудара алады.
Ал егер жинақ сомасы белгіленген жеткіліктілік шегінен асатын болса, онда сол шектен асқан соманың 100%-ын түгелдей жеке басқаруға беруге болады.
Қаражатты қалай аударуға болады?
Қаражатты аудару үшін invest.enpf.kz ресми сайтына, enpf.kz порталына немесе қордың мобильді қосымшасына ЭЦП (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы кіру қажет.
Кейін жеке кабинеттегі «Қызметтер» бөлімінен «Зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруына беру» тармағын таңдау керек.
Содан соң шарттармен танысып, тізімнен өзіңіз қалаған инвестициялық компанияны көрсетіп, аударылатын соманы немесе пайыздық үлесті белгілейсіз де, ресми өтінішті ЭЦП кілтімен бекітесіз.
Өтініш мақұлданғаннан кейін, БЖЗҚ бірнеше жұмыс күні ішінде қаражатты сіз таңдаған жеке компанияның шотына аударады.