ЕАЭО-дағы антирекорд: Қазақстанда нақты жалақы азайған

Жарияланды 9 Маусым 2026 11:15

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Қазақтандағы жалақы өсімі аз / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан ЕАЭО елдері арасында халықтың нақты жалақысы ең қатты төмендеген мемлекет атанды: одақтастарда сатып алу қабілеті артып жатқанда, елімізде көрсеткіш бірден 2,3%-ға құлдыраған.

Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметінше, Ресей, Беларусь пен Қырғызстанда тұрғындардың нақты табысы едәуір өссе, Қазақстанмен бірге тек Армения ғана минусқа кеткен

Мәселен, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстанда орташа айлық номиналды жалақы өскенімен, инфляциялық қысым салдарынан халықтың нақты табысы азайып кеткен.

Еуразиялық экономикалық комиссияның статистика департаментінің ақпаратына сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орташа айлық номиналды жалақы ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттерде өсті.

Алайда тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тұтынушылық бағасы индексіне түзетілген нақты жалақы көрсеткіші тек үш елде ғана оң нәтиже берді.

Нақты табыстың өсу қарқыны бойынша Ресей (108,7%) мен Беларусь (107,0%) көш бастап тұр. Ал Қырғызстанда ұл көрсеткіш 105,2%-ды құрады.

Керісінше, одаққа мүше екі мемлекетте халықтың нақты табысы төмендеген. Арменияда көрсеткіш 98,8%-ды, ал Қазақстанда 97,7%-ды көрсетті.

Яғни, нақты жалақы Арменияда 1,2%-ға, ал Қазақстанда 2,3%-ға кеміген.

ЕАЭС елдеріндегі орташа айлық жалақы:

МемлекетНоминалды жалақы: ұлттық валюта бірлігімен Номиналды жалақы: өткен жылдың сәйкес кезеңіне шаққандағы %АҚШ долларыменНақты жалақы: өткен жылдың сәйкес кезеңіне шаққандағы %-бен
Армения307 574102,981398,8
Беларусь2 827113,2975107,0
Қазақстан461 486109,192797,7
Қырғызстан46 731115,8534105,2
Ресей106 979115,11 367108,7

ЕЭК деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 2026 жылдың 1-тоқсанында орташа айлық номиналды жалақы 461 486 теңгеге жеткен (номиналды өсім 109,1%-ды құрады). Бірақ бұл ретте тұрғындардың нақты сатып алу қабілеті төмендеп кетті.

Бұған дейін сарапшылар ағымдағы жылдың парадоксалды жағдайына назар аударған болатын: белгілі бір кезеңдерде орташа жалақының формалды түрде 473 мың теңгеден асқанына қарамастан, ел ішіндегі инфляциялық қысымның салдарынан халықтың нақты табысы қысқарып жатыр.

Сонымен қатар Қазақстанда кәсіп жүргізуге берілетін несие құны Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ішінде ең қымбаты болып тұр. 

Сондай-ақ оқыңыз