
Маңғыстау облысы аумағындағы Қарақабақ қалашығы орнынан тарихи жәдігер табылды. Мамандар көне құмыра шамамен VI ғасырда дайындалған деп есептейді.
Қыштан жасалған көне бұйымдардың осы күнге бүлінбей жетуінің өзі – ерекше оқиға. Әдетте археологтар жәдігерлерді ондаған сынықтардан құрастырып, қалпына келтіріп жатады. Ал Қарақабақ қалашығы жұртында шамамен мың жарым жыл бұрын қалған құмыраның тұтастай жетуі археологтар үшін үлкен олжа.
Әжептәуір үлкен құмыра табылғаны туралы мәліметті археолог Андрей Астафьев Instagram-дағы парағына жариялады.
Әлеуметтік желіде жариялаған видеода жәдігерді қалашық орнынан қазып алу сәті бейнеленген. Археологтар тапқан олжасын мұқият қарап шыққан.
«8 маусымда археологтар Қарақабақ қалашығынан бүлінбеген құмыра тапты. Оны жергілікті шеберлер VI ғасырда дайындаған», – деп жазды Астафьев.
Қарақабақ қалашығының орны Маңғыстау облысы Таушық ауылына жақын маңда жатыр. Мамандар көне қоныс I–VI ғасырларда тіршілік еткен деп есептейді.
Қарақабақтағы археологиялық қазба жұмыстары 2026 жылғы маусымда басталған. Оны Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мүзейі жүргізіп жатыр.