
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, АИ-95 маркалы бензин Қазақстанда бір айда қатты қымбаттаған жоқ. Керісінше, мамырда орташа баға 312 теңгеден 311 теңгеге түсті. Бірақ өңірлер арасындағы айырмашылық әлі де үлкен. Алматыда бір литр АИ-95 324 теңге болса, Атырауда 289 теңге ғана. Яғни бір маркалы бензиннің бағасы қалалар арасында 35 теңгеге дейін айырмашылық жасап отыр.
Ең қымбат баға Алматыда сақталды. Одан кейін Талдықорған – 321 теңге, Қонаев – 320 теңге. Бұл оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде АИ-95 елдік орташа деңгейден қымбат екенін көрсетеді.
Ал ең арзан бензин Атырау мен Ақтөбеде тіркелді. Атырауда АИ-95 бағасы 289 теңге, Ақтөбеде 290 теңге болды. Мұнайлы өңірлерде бағаның төмен болуы логистика мен жеткізу тізбегіне байланысты болуы мүмкін.
Бір ай ішінде ең үлкен төмендеу Қарағандыда байқалды, сәуірде 311 теңге болса, мамырда 308 теңгеге түсті. Қонаев пен Өскеменде баға 2 теңгеге арзандады. Ал Қызылордада керісінше 1 теңгеге өсті. Жалпы мамырдағы дерек АИ-95 нарығында күрт өзгеріс емес, салыстырмалы тұрақтылық басым екенін көрсетеді.
Айта кетейік, Қырғызстанға 37,2 млрд теңгенің жанармайын өткізбек болған топ ұсталған.