
Қазақстанның Ұлттық қоры соңғы айларда қайтадан ірі қаржылық буфер ретінде көзге түсе бастады. Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, 2026 жылғы мамырдың соңында қордың валюталық активтері 66,4 млрд долларға жетті. Яғни бұл 2015 жылдың қыркүйегінен бергі ең жоғары көрсеткіш. Ұлттық банк бұл деректерді кезең соңындағы млн доллар есебімен жариялайды.
Бір қарағанда, жай ғана кезекті статистикалық өсім сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ Ұлттық қордың соңғы он жылдағы динамикасына қарасақ, осы көрсеткіштің саяси да, экономикалық та салмағы бар. Өйткені қор қаржысы ұзақ уақыт бюджет тапшылығын жабу, дағдарыс кезеңінде экономиканы қолдау және әлеуметтік шығындарды қаржыландыруға тұрақты пайдаланылды.
Қор неге қазір өсіп отыр?
2025 жылдың басында Ұлттық қордың валюталық активтері 58,5 млрд доллар шамасында болған. Былтыр мамыр айында бұл көрсеткіш 66,4 млрд долларға дейін көтерілді. Яғни бес айдың ішінде қор шамамен 7,9 млрд долларға ұлғайды.
Өсімнің бірнеше себебі бар.
Біріншіден, инвестициялық кірістілік жақсарды. Ұлттық банк дерегіне сәйкес, 2025 жылы Ұлттық қор активтерінің кірістілігі 15,09% болды. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары нәтижелердің бірі.
Салыстырар болсақ, 2022 жылы қордың кірістілігі -10,35% болған еді. 2023 жылы жағдай түзеліп, кірістілік 11,38%, ал 2024 жылы 7,59% болды.
Екіншіден, әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдай қор портфеліне оң әсер етті. Ұлттық қор қаражаты тек қолма-қол валюта түрінде жатпайды. Ол әртүрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. Сондықтан қордың көлемі мұнай түсіміне ғана емес, жаһандық нарықтағы акциялар мен облигациялар бағасына да тәуелді.
Үшіншіден, мұнайдан түсетін кірістер де маңызды рөл атқарады. Ұлттық қордың негізгі табиғаты – шикізат табысын жинақтау. Аталмыш қор мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстардан түсетін кірісті жинап, қиын кезеңде экономикаға тірек болу үшін құрылған.
Еске сала кетейік, Ұлттық банк былтыр 25 млн доллар инвестиция салған Anthropic биыл IPO-ға шықпақ.