Шикізаттан тыс өсім: Қазақстан экономикасында не өзгеріп жатыр

Жарияланды 11 Маусым 2026 11:15

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Жеке инвесторлар ЖІӨ үдете бастады / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстан экономикасында жеке инвестицияның рөлі күшейіп келеді. Үкімет пен Ұлттық банк деректері де осыны көрсетеді. Экономикадағы өсім тек бюджет шығыстарына ғана емес, бизнес пен инвесторлардың белсенділігіне де сүйеніп отыр.

Бұл туралы Мәжіліс отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты. Ол депутаттардың ЖІӨ құрылымы туралы сұрақтарына жауап бере отырып, Қазақстан экономикасында жеке инвестициялар басым екенін атап өтті.

Жұманғариннің айтуынша, негізгі капиталға салынған барлық инвестицияның 80%-дан астамы жеке көздер есебінен жүзеге асып жатыр. Яғни өндіріс, инфрақұрылым және басқа да нақты жобаларға қаржыны көбіне бизнес пен инвесторлар салып отыр.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 22,7 трлн теңгеге жеткен. Ал Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестиция 14,4%-ға өсіп, 20,5 млрд долларды құраған.

Бұл экономикадағы белсенділіктің тек мемлекеттік қаржы арқылы емес, ішкі және сыртқы инвесторлар есебінен де жүріп жатқанын көрсетеді.

Ұлттың банк те келіседі

Ұлттық банктің ақша-несие саясаты туралы талдау баяндамасында да инвестицияға қатысты маңызды деректер келтірілген. 2026 жылғы қаңтар-сәуірде негізгі капиталға салынған инвестиция 6,7%-ға өскен.

Ал мемлекеттік бюджет қаржысын есепке алмағанда, инвестиция өсімі бірден 19%-ға жеткен. Бұл жеке сектордың белсенділігі күшейіп келе жатқанын аңғартады.

Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – шикізаттық емес сектордағы өсім. Бұл бағытта инвестиция 25,3%-ға артқан. Яғни жаңа қаржы мұнай мен тау-кен саласына ғана емес, экономиканың басқа салаларына да көбірек бағыттала бастады.

Ұлттық банк дерегінше, жаңа инвестициялар негізінен өңдеу өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығына, көлік пен қойма саласына, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымға салынып жатыр.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне 715,7 млрд теңге инвестиция салынды

Сондай-ақ оқыңыз