Ұлттық банк биыл инфляция болжамын 9,5-11,5% аралығына дейін төмендетті

Жарияланды 11 Маусым 2026 10:09

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
ҚҰБ инфляциялық болжамдарын төмендетті /фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Ұлттық банк инфляция бойынша болжамын өзгертті. Жаңа бағалауға сәйкес, биыл баға өсімі бұрын күткеннен сәл төмен болуы мүмкін.

Базалық сценарий бойынша 2026 жылы инфляция 9,5-11,5% аралығында қалыптасады деп болжанып отыр. Бұған дейінгі болжам 10-12% болған. Яғни Ұлттық банк биыл инфляция біршама баяулайды деп күтеді.

2027 жылы инфляция 6-8% деңгейіне дейін төмендеуі мүмкін. Бұл бағаның өсуі тоқтайды деген сөз емес. Тек баға бұрынғыдай тез қымбаттамайды дегенді білдіреді.

2028 жылы инфляция шамамен 5% деңгейіне жақындайды деп күтіледі. Демек бұл Ұлттық банктің мақсатты деңгейіне жақын көрсеткіш.

Инфляцияның баяулауына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Соңғы айларда баға өсімі Ұлттық банктің бұрынғы болжамынан төмен болды. Бұған салыстырмалы түрде қатаң ақша-кредит саясаты, теңгенің нығаюы, кейбір тарифтердің баяу өсуі және жанармай нарығындағы уақытша шектеулер ықпал етті.

Дегенмен бағаның тез төмендеуіне кедергі болатын тәуекелдер сақталып отыр. Мысалы, жанармай мен коммуналдық қызмет бағаларының өсуі, халықтың «баға тағы қымбаттайды» деген күтімі және бюджет шығындарының жоғары болуы инфляцияға қысым жасауы мүмкін.

Сыртқы факторлар да маңызды. Әлемде азық-түлік бағасы өссе немесе Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінде инфляция күшейсе, бұл ел ішіндегі бағаға да әсер етеді.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы мамырда жылдық мәндегі инфляция сәуірдегі 10,6%-дан кейін 10,4%-ды құрады.

Сондай-ақ оқыңыз