Экономика

Reuters: АҚШ пен Иран соғысты тоқтату туралы алдын ала келісім жасасты

АҚШ пен Иран соғысты тоқтату жөнінде алдын ала келісімге келді / фото: ISJ.com

Reuters мәліметінше, АҚШ пен Иран соғысты тоқтату жөнінде алдын ала келісімге келді. Тараптар АҚШ-тың Иран порттарына жасаған бұғаттауын тоқтату және Ормұз бұғазын қайта ашу бойынша ортақ мәміле жасасқанын хабарлады.

Келісім туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде жазды. Оның айтуынша, құжатқа жұма күні Швейцарияда ресми түрде қол қойылуы тиіс. Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф те келісім жасалғанын растады.

Алдын ала келісім барлық майдандағы әскери әрекеттерді, соның ішінде Ливандағы қақтығыстарды тоқтатуды қарастырады. Иранның Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесі де әскери іс-қимылдар дүйсенбі кешінен бастап біржола тоқтайтынын мәлімдеді.

Трамптың сөзінше, Ормұз бұғазы жұма күні қайта ашылады. Бұл жаңалықтан кейін мұнай бағасы төмендеді: Brent фьючерстері шамамен 4%-ға, ал WTI 4,6%-дан астам арзандады.

Дегенмен келісім Иранның ядролық бағдарламасы мәселесін толық шешпейді. Бұл тақырып алдағы 60 күндік бітім кезеңінде талқыланады. Иран тарапы кеңірек келісім аясында санкцияларды жеңілдету мәселесі де қаралатынын айтты.

Reuters дереккөздерінің хабарлауынша, келіссөздерде Иранның байытылған уранының тағдыры, ядролық бағдарламаны шектеу және бұғатталған активтерді босату мәселелері негізгі тақырыптардың бірі болады.

Айта кетейік, Президент Дональд Трамп осыған дейін АҚШ пен Иран соғысты аяқтауға келіскенін мәлімдеген болатын.