Халық тек азық-түлік алуға көшкен: бөлшек сауда қарқыны төмендеп кетті

Жарияланды 15 Маусым 2026 13:34

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Сауда-саттық қарқыны азайды /shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанның ішкі сауда нарығындағы өсім қарқыны тежеле бастады. Әсіресе, халықтың күнделікті тұрмысы мен сатып алу қабілетін тікелей көрсететін бөлшек сауданың өсімі көтерме саудамен салыстырғанда айтарлықтай баяулап, нарықтағы ахуалдың күрделене түскенін аңғартты.

Ішкі сауда азайды

Halyk Finance орталығының зерттеуіне сүйенсек, 2025 жылдың бес айында (қаңтар-мамыр) ішкі сауданың жалпы өсімі өткен жылғы 7,8%-дан 5,6%-ға дейін төмендеген.

Бұл құбылыс ел экономикасының шамамен бестен бір бөлігін (ЖІӨ-нің 19%-ын) құрайтын және еңбекке жарамды халықтың 17%-ын жұмыспен қамтып отырған маңызды секторда іскерлік пен тұтынушылық белсенділіктің саябырлағанын білдіреді.

Сауда нарығындағы бұл баяулау кездейсоқ емес, оған бірнеше ішкі және сыртқы факторлар қатар әсер етіп отыр.

Алдымен, бүкіл тауар айналымының үштен екісінен астамын иемденетін көтерме сауданың 6,5%-ға ғана өсуіне жыл басындағы мұнай өндіру мен экспорт көлемінің азаюы және бизнестің инвестиция салуға асықпауы себеп болды.

Ал бөлшек саудадағы өсімнің небәрі 3,6%-да қалып қоюы қарапайым халықтың қалтасына түскен салмақтың артқанын көрсетеді.

Себеп неде?

Тұтыну нарығын негізгі төрт себеп тұсап тұр деуге болады: біріншісі – банктердің несие беруден табатын табысына салынатын салықтың 25%-ға дейін өсуіне байланысты халыққа берілетін несиенің азаюы, екіншісі маусым айының басында 10,4%-ды құраған жоғары инфляция.

Үшіншісі – бірінші тоқсанда халықтың нақты жалақысының 2,3%-ға қысқаруы; төртіншісі – жыл басынан бері күшіне енген жаңа Салық кодексі аясында қосылған құн салығының (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға дейін көтерілуі.

Осы өзгерістердің бәрі сайып келгенде тауар бағасының өсуіне және халықтың сатып алу мүмкіндігінің шектелуіне алып келді.

Сұраныстың азаюы халықтың тауар таңдау талғамын да өзгертті. Қазір адамдар сән-салтанат немесе қымбат бұйымдардан гөрі тек ішіп-жемге, яғни ең қажетті заттарға көбірек ақша жұмсауға көшкен.

Мұны статистика да растап отыр: бес айдың ішінде азық-түлік өнімдерінің саудасы 10,7%-ға өссе, киім-кешек, тұрмыстық техника сияқты азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасының өсімі небәрі 0,7%-да тұралап қалды.

Сондай-ақ оқыңыз