Банк пен қаржы

Назарбаев туралы эпопея түсірген Satai Film үш жылдан бері қарызын өтемеген

Нұрсұлтан Назарбаев туралы фильм түсірген SataiFilm киностудиясы қарызын өтемеген
Елбасы жолын үлкен экранға шығарған Satai Film қарыздан әлі құтылмаған / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редатор Ахтам Зиперов

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы фильм түсірген отандық киностудия қарызын үш жылдан бері өтемегені мәлім болды. Satai Film компаниясы Қаржы министрлігінің борышкерлер тізімінде әлі жүр.

Министрліктің Мемлекеттік кірістер комитеті борышкер заңды тұлғалардың тізімін жаңартты. Құжат 15 маусым, дүйсенбі күні жарияланды. Оған елдегі 241 субъект енген. Тізім 2026 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша дайындалған.

Kursiv.Media қаржыминнің ресми тізімінде танымал режиссер Ақан Сатаев негізін қалаған Satai Film компаниясы да жүргенін анықтады. Киностудия экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы ауқымды жобаларды жүзеге асырған.

Құжатқа сәйкес, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты киностудияға қатысты оңалту рәсімін қолдану туралы шешімді 2023 жылғы 15 мамырда шығарған. Ал 27 маусымда шешім заңды күшіне енген.

Компанияның үш жылға жуық уақыт бойы осы тізімнен шыға алмауы – оның несие және салық берешегін әлі күнге дейін толық өтеп бітпегенін ресми түрде айғақтайды.

Кірістер комитетінің құжатында кәсіпорынның бірінші басшысы әрі құрылтайшысы ретінде Денис Кухаренко көрсетілген. Ол – Сатаевтың ұзақ уақыт бірге істеген серіктесі, «Рэкетир 2», «Томирис» фильмдерінің бас продюсері. Компания мекенжайы ретінде Алматы қаласы, Желтоқсан көшесі, 172-үй белгіленген.

«Елбасы Жолы. Астана» фильміндегі Нұрсұлтан Назарбаев
«Елбасы Жолы. Астана» көркем фильмінен скриншот

Идеология және тығырық

Satai Film студиясы жекеменшік компаниялар арасында ірі мемлекеттік тапсырыстарды орындаушылардың бірі ретінде танымал. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолына арналған киноэпопеяның қорытынды бөлімі – «Елбасы жолы. Астана» (2018 жыл) көркем фильмін режиссер Ақан Сатаев түсірген. Бұған қоса, дәл осы студия экс-президенттің кенже қызы Әлия Назарбаева продюсерлік еткен «Томирис» тарихи фильмін таспалаған.

Алайда жоғары деңгейдегі мемлекеттік қолдау да, бюджеттен бөлінген миллиардтар да киностудияны қарыздан сақтап қала алмапты.

Сарапшылар кейінгі жылдары осы студияның мемлекеттік тапсырыспен түсірген қымбат жобалары кинотеатрлар прокатында сәтсіздікке ұшырағанын айтып жүр. Мәселен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының ресми есебіне сәйкес, студия шығарған «Боксшы» фильміне бюджеттен 900 млн теңге бөлінгенімен, оның кассалық жинағы небәрі 25 млн теңге болған. Туынды шығыны 97%-дан асқан. Тағы бір мысал: «Елбасы жолына» 2,6 млн доллар жұмсалса, оның кассалық түсімі бар болғаны 48,4 мың доллардан әзер асқан.

Satai Film қанша қарыз?

Қаржы министрлігі борышкерлердің нақты берешек сомасын ашық жарияламайды. Ақпарат коммерциялық құпияға жатады. Алайда бұған дейін Satai Film студиясы «Томирис» өндірісі мен прокатына байланысты «Қазақфильм» ұлттық компаниясымен соттасқаны мәлім. Сот бекіткен оңалту жоспары дәл осы мемлекеттік құрылым мен салық органдары алдындағы қарызды біртіндеп жабуға бағытталған.

Заңнамаға сай, оңалту мәртебесі компанияның біржолата жабылғанын білдірмейді. Ол сот бекіткен арнайы кесте аясында қарыздарды бөліп төлеу арқылы бизнесті аяғынан тік тұрғызуды көздейді.

Қазір студия бюджет қаражатынан бас тартып, коммерциялық комедиялар мен драмалар түсіру арқылы қаржы жағдайын жақсартуға әрекеттеніп жатыр. Мәселен, 2025 жылғы ақпанда жарыққа шыққан «Рэкетир 3» фильмі алғашқы аптада 657 млн теңге табыс тапқан. Артынша оны Қырғызстан прокаттан алып тастағаны мәлім болған.

Бұған дейін Kursiv.Media Forbes миллионері алған «Оқжетпес» футбол клубы борышкерлер тізімінде жүргенін анықтаған.