Халық пен компаниялардың депозитте жинаған ақшасы 47,9 трлн теңгеге жетті

Жарияланды 16 Маусым 2026 12:13

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: kursiv.media архиві

Мамыр айында қазақстандықтардың депозит көлемі бірден 771 млрд теңгеге өсіп, жалпы сомасы 47,9 трлн теңгеге жетті. Ұлттық банк статистикасына сәйкес, бұл – соңғы жарты жылдағы ең үлкен көрсеткіш.

Әдетте мұндай белсенділік тек жыл соңында, яғни желтоқсанда ғана байқалатын. Ал мамыр айындағы ірі көрсеткіш соңғы бес жылда алғаш рет тіркеліп отыр.

Соның ішінде 27,2 трлн теңгесі халықтың жинаған ақшасы болса, қалғаны – компаниялардың депозиттегі қаржысы.

Халық ақшасын қай валютада сақтайды

Егер сәуір мен мамыр айларын салыстырсақ, халық пен бизнестің ақшаны қандай валютада сақтайтыны айқын көрінеді.

Негізгі өсім шетел валютасында емес, теңгедегі салымдарда болды. Бір айдың ішінде теңгедегі депозиттер 37,5 трлннан 38,3 трлн теңгеге дейін өсті.

Халықтың теңгедегі жинақтары сәуірдегі 22,2 триллионнан мамырда 22,6 трлн теңгеге дейін артты. Отандық компаниялар да қалыс қалмай, теңгедегі шоттарын 15,3 трлн теңгеден 15,7 трлн теңгеге дейін толықтырды.

Ал шетел валютасындағы салымдардың жалпы сомасы 9,6 триллионнан 9,5 трлн теңгеге дейін сәл азайды.

Бұл ретте қарапайым халық валюталық жинақтарын 4,4 триллионнан 4,6 триллион теңгеге дейін сәл көбейткенімен, ірі компаниялар, керісінше, доллар мен еуро түріндегі шоттарын азайтқан.

Наурыз айында азақстандықтар валютадағы депозитінен бір айда 150 млрд теңге шешіп алған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз