
Алматыда «көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айыппен қамауға алынған заңгер Әділетхан Молдаханға қатысты сот процесі басталды. Сот отырысынан кейін заңгер журналистерге іске қатысты пікір білдірген. Видеоны журналист Жомарт Түзелбай жариялады.
«Қазақ елі, қолдауларыңызға көп рақмет! Қылмыс жасау туралы ой болған жоқ. Шындықты айтқанымды мойындадым», – деді Молдахан сот процесінен кейін.
Әділетхан Молдахан Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адам қайтыс болған жол апатына қатысты әлеуметтік желіде мәлімдеме жасаған. Ол апатқа жоғары лауазымды шенеуніктердің балалары кінәлі болуы мүмкін деп айып таққан еді.
Содан кейін құқық қорғау органдары оның үстінен қылмыстық іс қозғап, заңгер наурызда қамауға алынды.
Заңгердің ағасы Дәулетхан Ахметов видео жариялап, ішкі істер министріне өтініш жасады.
«Ішкі істер министрі Сәденов мырза, туған інім әл-Фарабидегі жол апатынан кейін сіздің ведомствоға сөз келтірді. Мемлекет басшысынан да сөз естіген боларсыз. Дегенмен жәбірленуші тарап Александр Пактың өзіне де кешірім беріп жатыр.
Екі басшыны орнынан алып тастадыңыздар. Қазақта «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деген сөз бар. Осыған байланысты бір кешірім бермесеңіздер. Кез келген адам қателеседі», – дейді заңгердің ағасы Дәулетхан Ахметов.
Әл-Фарабидегі апат
2026 жылдың 21 наурызына қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі Александр Пак 219 км/сағат жылдамдықпен Mercedes-Benz көлігін соққан. Салдарынан үш адам қаза тапты.
Пак сотта тағылған айыпты мойындап, жазасын өтеуге дайын екенін, жәбірленушілердің отбасына көмек көрсететінін мәлімдеді.