
Қаржы нарығын реттеуші органдар мен салық комитеті тауар әкелемін деп шекарадан қомақты қаржы шығарып алып, оны жеткізбеген кәсіпкерлерден сыртқа кеткен валютаны қайтаруды талап етеді. Өйткені әр мемлекет өзінің қаржы қауіпсіздігін қамтамасыз етуі шарт. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов шетелге қаржы себепсіз кетпес үшін қатаң шаралар қолданылатынын айтады.
«Капитал ағынын бақылау – мемлекеттің қаржы қадағалаудағы басты функциясының бірі. Ақша бақылаусыз ары-бері аға бермеуі керек. Мәселен, біреу трактор аламын деп келісіп, шетелге ақша аударғанымен, тракторы келмесе, онда мемлекет бизнесменнен ақшаны қайтар деп талап етеді. Яғни сен ақшаны шетелге шығарумен айналысып жатырсың», – дейді бас банкир.
Сондықтан мемлекет мұндай жайттардың алдын алу үшін валютағы бақылау агенттері арқылы шетелге кеткен қаржыны қайтарып алуға міндетті. Тауар сатып алуға деген ақша мақсатты жұмсалмай, шотта жатпауы керек.
Бұған дейін кірістерді жылыстатуға қарсы заңнама қатаңдаған. Заңға «қаржы мониторингіне жататын клиенттің күмәнді қызметі» деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл – уәкілетті органдарда күмән туғызатын ақшамен немесе мүлікпен жасалған екі және одан да көп операцияларды білдіреді.