«Өгей әкем зорлады» деген блогер Жузефинаның үстінен іс қозғалды

Жарияланды 24 Маусым 2026 18:19

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General news бөлімінің аға журналисі s.ostemir@kursiv.media
Блогер Жузефинаның үстінен іс қозғалды / Фото: instagram.com/juzzefina24 бильд-редактор: Серікжан Қобыланбаев

Атышулы блогер – «Жузефина» лақап атымен танымал Жұлдыз Жауынбаеваның үстінен іс қозғалды. Ол бұған дейін тікелей эфирде өгей әкесі зорлағанын айтқан. Сөзінше зорлық-зомбылық сегіз жылға созылған. Полиция бұл мәліметтің шындыққа сай емес екенін анықтаған.

«Әлеуметтік желілерде блогердің қатысуымен түсірілген бейнематериалдар таралуда. Онда ол әкесінің тарапынан бала кезінде өзіне қатысты құқыққа қарсы жыныстық іс-әрекеттер жасалғанын мәлімдейді. Тікелей эфир барысында бойжеткен балағат сөздер айтып, өзін орынсыз ұстаған», – делінген Қостанай полицияның ақпаратында.

Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, туыстарынан жауап алып, жарияланған материалдарды зерделеді.

Ата-анасының айтуынша, бейнематериалдарда келтірілген мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Сондай-ақ олар қыздарымен ұзақ уақыттан бері байланыс жасамайтынын хабарлаған.

Тараптардың барлық уәждері тексерілетін болады.

Сонымен қатар, ата-анасының арызы негізінде жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік іс қозғалды.

Сондай-ақ бойжеткен ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылады.

«Полиция мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік көзделгенін еске салады. Кез келген шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер құқықтық бағалауға жатады және олар үшін әкімшілік те, қылмыстық заңнамада да көзделген жауапкершілік қарастырылған», – деп ескертті полиция.

Сондай-ақ оқыңыз