
АҚШ-тағы федералдық сот Әділет министрлігінен қаржыгер әрі сексуалдық қылмыстары үшін сотталған Джеффри Эпштейннің ісіне қатысты материалдардың бір бөлігін 2 шілдеге дейін ешқандай қысқартусыз жариялауды міндеттеді.
Егер ведомство мұны орындай алмаса, құпиялылықтың не себепті сақталып отырғанын жұртшылық алдында түсіндіруге мәжбүр болады, деп жазады DW.
Мұндай шешімді судья Эммет Салливан журналист Кэти Фанның талап-арызы бойынша шығарды. Ол Әділет министрлігін ақпаратты негізсіз жасырып отыр деп айыптады.
Нені жариялау керек
Сот АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі 2025 жылы қабылданған «Эпштейн файлдарының» ашықтығы туралы заң талаптарын бұзғанын көрсетті. Аталған заң билікке 30 күн ішінде құпия мәртебесі жоқ барлық материалдарды жариялауды міндеттеген. Тек жәбірленушілерді қорғау, жалғасып жатқан тергеулер және ұлттық қауіпсіздік мүдделері үшін ғана кейбір деректерді жасыруға рұқсат етіледі.
Әділет министрлігіне бірқатар жауап алу хаттамаларын, кейбір электрондық хаттарды жіберушілер мен алушылардың есімдерін, сондай-ақ айыптау материалдарында көрсетілген Эпштейннің болжамды сыбайластарының аты-жөнін жариялау тапсырылды. Құжаттардың арасында Дональд Трампты зорлық-зомбылық жасады деп айыптаған әйелдің жауап алу хаттамалары да бар. Ақ үй басшысы бұл айыптауларды жоққа шығарады.
Эпштейн ісі
Джеффри Эпштейн — соңғы онжылдықтардағы ең резонансты қылмыстық істердің бірінің фигурантына айналған америкалық қаржыгер.
2008 жылы ол кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікке тарту ісі бойынша кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырылды. 2019 жылы Эпштейн адам саудасы және қыздарды жүйелі түрде сексуалдық қанауға тарту айыптары бойынша қайта ұсталды. Үкім шыққанға дейін ол тергеу изоляторында өзіне қол жұмсады.
2026 жылғы 30 қаңтарда АҚШ-та Эпштейнге қатысты архивтік материалдардың жаңа бөлігі — хат алмасулар, фотосуреттер мен бейнежазбалар жарияланды.
Бұған дейін жарияланған материалдар Эпштейннің бірқатар танымал тұлғалармен, соның ішінде Ұлыбритания ханзадасы Эндрюмен байланысы болғанын көрсетті. Бұған қоса, іс бойынша Билл Гейтс Конгресс комиссиясында жауап берген еді.