
Футболдан өтіп жатқан Әлем чемпионатында авторлық құқықтарды қорғау шаралары қатаң түрде сақталады. Осы ережелердің құрбаны ретінде 1,1 миллион жазылушысы бар танымал қазақстандық блогер Артур Асқарұлының (Archibalt) Инстаграм парақшасы бұғатталып қалды.
Бұғаттауға не себеп болды?
Блогердің айтуынша, ФИФА-ның бұл турнирдегі ережелері өте қатал. Парақшаның желіден өшірілуіне стадионнан түсірілген қысқа ғана видео себеп болған.
«Өзбекстан құрамасының соққан голы сәтсіз кадрға түсіп қалғаны үшін ғана маған бан қойды. Бәлкім, бауырлар үшін тым қатты қуанып кеткен шығармын», – деп жазды блогер өзінің жаңа парақшасында.
Сонымен қатар, авторлық құқық иелерінің рұқсатынсыз ресми матчтардан видео немесе тікелей эфирден скриншоттар жариялау авторлық құқықты бұзу болып есептеледі. Артурдың өзге әріптестері де Ютуб арналарында ескерту алған, тіпті стадионнан тағы видео түсірсе, аккаунттары толықтай жабылатыны туралы ескертті.
Блогер жанкүйерлер үшін Әлем чемпионатының әрбір сәтін, стадиондағы ерекше атмосфераны көрсеткісі келгенін, алайда бұл жоспары іске аспағанына өкініш білдірді.
Бұғаттауға қарамастан, демеушілер мен серіктестер алдындағы жарнамалық міндеттемелер бар, сондықтан блогердің командасы бұл жағдайдан шығудың жолын іздестіріп жатыр.
Негізгі парақшаны қайтару үшін барлық қажетті шаралар жасалған, қазіргі уақытта іс «күту режимінде» тұр. Блогерге парақшаны қалпына келтіру үшін үлкен команда көмектесуде. Қазіргі уақытта Артур Асқарұлы жанкүйерлерімен қосалқы парақшасы (@archibaaall) арқылы байланысқа шығып жатыр.