29 трлн доллар: әлемнің ең ірі қорлары энергияға қайта оралып жатыр

Жарияланды 29 Маусым 2026 10:31

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Энергетика саласына инвестиция артты / фото: ЖИ

Әлемдегі ең ірі мемлекеттік қорлар мен орталық банктер инвестициялық стратегиясын қайта қарап жатыр. Reuters мәліметінше, жалпы активі 29 трлн доллар болатын инвесторлар энергия активтеріне, инфрақұрылымға және алтынға көбірек мән бере бастады. Бұған соғыстар, саудадағы кедергілер, AI-дың энергияға сұранысы және АҚШ долларының ұзақ мерзімді рөліне қатысты алаң әсер етіп отыр.

Ірі инвесторлар неге энергияға қайта қарады?

Sovereign wealth funds пен орталық банктер үшін энергия активтері қайтадан стратегиялық бағытқа айналды. Reuters жазуынша, Invesco жүргізген сауалнамада ірі инвесторлардың 80%-ы энергия қауіпсіздігі мен энергияға көшу инфрақұрылымын портфельді тұрақты ететін маңызды бағыт деп атаған.

Бұл жерде әңгіме тек мұнай мен газ туралы емес. Инвесторлар электр желілері, жаңартылатын энергия, сақтау жүйелері, дата-орталықтарға қажет қуат және инфрақұрылым жобаларына да назар аударып отыр. Себебі әлемде энергия сұранысы қайта өсіп келеді.

Бұған бірнеше фактор әсер етті. Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы шиеленіс, сауда тарифтері және логистикалық жолдардың жабылу қаупі ірі инвесторларға бір нәрсені көрсетті: портфель тек акция мен облигацияға сүйенсе, сыртқы соққыға төзімсіз болуы мүмкін.

AI жарысы энергия нарығын өзгертті

Жасанды интеллект те бұл трендті күшейтіп отыр. AI модельдерін оқыту және дата-орталықтарды іске қосу өте көп электр энергиясын қажет етеді. Сондықтан энергия инфрақұрылымы енді тек коммуналдық сектор емес, технологиялық өсімнің негізгі тірегіне айналып барады.

Осы себепті sovereign funds инфрақұрылымға көбірек ақша бөле бастады. Invesco дерегінше, инфрақұрылым активтері sovereign wealth funds портфелінде 9%-ға дейін жеткен.

Бұл технология компаниялары үшін де маңызды. Егер энергия қуаты жетіспесе немесе электр бағасы өссе, AI инфрақұрылымының құны да қымбаттайды. Ал бұл Nvidia, Microsoft, Google, Amazon, OpenAI сияқты ойыншылардың шығын құрылымына әсер етуі мүмкін.

Тағы да оқыңыз: АҚШ пен Иран бір-біріне соққы жасамауға тағы келісті.

Сондай-ақ оқыңыз