Көрші елдердегі инфляция: Қазақстан қай орында тұр

Жарияланды 29 Маусым 2026 11:08

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Көрші елдердегі баға өсімі қандай / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстанмен көршілес елдерде инфляция әртүрлі бағытта қалыптасып отыр. Бір елде баға өсімі екі таңбалы деңгейде қалса, енді бірінде инфляция өте төмен. Соңғы деректерге қарасақ, аймақтағы ең жоғары көрсеткіш Қырғызстанда, ал ең төмені Қытайда тіркелген.

2026 жылғы мамыр қорытындысы бойынша Қырғызстанда жылдық инфляция 11,0% болды. Бұл – Қазақстанмен салыстырғанда сәл жоғары көрсеткіш. Елдегі баға өсіміне азық-түлік, коммуналдық қызмет, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы қымбатшылық әсер еткен.

Көрші елдердегі жылдық инфляция

Соңғы жарияланған деректер бойынша баға өсімі Қырғызстан мен Қазақстанда жоғары, ал Қытайда инфляция ең төмен деңгейде қалып отыр.

Соңғы дерек: мамыр 2026
Қырғызстан
11,0%
Жылдық инфляция ең жоғары
Қазақстан
10,4%
Салыстыру үшін жоғары деңгей
Өзбекстан
5,5%
Жылдық инфляция орташа деңгей
Ресей
5,3%
Жылдық инфляция бәсеңдеген
Түрікменстан
3,9%
2026 болжам IMF дерегі
Қытай
1,2%
Жылдық инфляция ең төмен
Ескерту: шкаладағы ең жоғары мән ретінде Қырғызстанның 11,0% көрсеткіші алынды. Түрікменстан бойынша көрсеткіш – нақты айлық CPI емес, 2026 жылға арналған болжам.

Қазақстанда жылдық инфляция мамырда 10,4% болды. Сәуірде бұл көрсеткіш 10,6% еді. Яғни баға өсімі біршама баяулағанымен, инфляция әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Әсіресе азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі халықтың күнделікті шығынына әсер етіп отыр.

Өзбекстанда жағдай біршама тұрақтырақ. Мамырда жылдық инфляция 5,5%-ды құрады. Бұл сәуірдегі 7,0%-дан төмен. Өзбекстан Орталық банкінің мәліметінше, инфляцияның бәсеңдеуіне былтыр энергия тарифтері өсімінің базалық әсерінің азаюы ықпал еткен. Дегенмен азық-түлік инфляциясында әлі де қысым бар.

Ресейде де баға өсімі баяулады. Мамырда жылдық инфляция 5,3% болып, сәуірдегі 5,6%-дан төмендеді. Бірақ бұл көрсеткіш Ресей Орталық банкінің 4% – нысаналы көрсеткішінен әлі жоғары. Сондықтан баға қысымы толық сейілді деуге ерте.

Қытайда инфляция ең төмен деңгейде қалып отыр. Мамырда тұтыну бағалары бір жылда небәрі 1,2% өсті. Қытайда азық-түлік арзандаған, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер бағасы баяу өскен. Бұл елдегі ішкі сұраныстың әлсіз екенін де көрсетуі мүмкін.

Түрікменстан бойынша ашық ай сайынғы ресми инфляция дерегі шектеулі. IMF дерегіне сүйенсек, 2026 жылы елдегі орташа тұтыну бағаларының өсімі 3,9% болуы мүмкін. Алайда қор ұйымы жыл соңына қарай инфляция 6,9%-ға дейін көтерілуі ықтимал екенін де ескертеді.

Жалпы көрініс мынадай: Қазақстан мен Қырғызстанда инфляция әлі де жоғары, Өзбекстан мен Ресейде баға өсімі баяулаған, ал Қытайда инфляция айтарлықтай төмен. Бұл айырмашылық әр елдің ішкі сұранысы, тариф саясаты, валюта бағамы мен азық-түлік нарығындағы жағдайға байланысты.

Тағы да оқыңыз: Үкімет биыл инфляция деңгейін 10%-дан төмен түсіруге уәде берді.

Сондай-ақ оқыңыз