Жастарды әскерге әкетем деп қорқытқан пранкер 10 тәулікке қамалды (видео)

Жарияланды 30 Маусым 2026 14:00

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
Жастарды әскерге әкетем деп қорқытқан пранкер қамалды
Әскерден қашам деп, суға секірген жас жігіт / видеодан скриншот, ЖИ көмегімен өңделген

Астана полициясы өзін әскери комиссариат қызметкерімін деп таныстырып, жастарды әскерге алып кетем деп қорқытқан азаматтың кім екенін анықтады. Пранкер әкімшілік жазаға тартылып, 10 тәулікке қамалды.

Пранкерге «алданған» бір жас жігіт «военкомат қызметкерінен» қашам деп, суға секірген. Видео әлеуметтік желілерде таралған.

«Бұл көрініс әлеуметтік желіге ойын-сауық мақсатында түсірілген пранк болып шықты», – деп таратты polisia.kz.

Елорда полициясы бейнежазба авторын анықтап, оны бөлімшеге жеткізді. Тергеу барысында түсірілімге қатысқан екінші адамның кәмелетке толмаған жасөспірім екені, оның шағын шоуға алдын ала келісім бергені белгілі болды. Құзырлы мекеме қызметкерлері жас жігітке осындай әрекеттердің қауіптілігі мен заңға қайшы екенін түсіндірген. Ал пранкердің өзі жазаға тартылған.

«27 жастағы азамат ұсақ бұзақылық жасағаны, сонымен бірге арнайы нысанды киім мен айырым белгілері бар форманы заңсыз кигені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды», – деп хабарлайды полиция.

Құқық қорғау мекемесі әлеуметтік желілерде қаралым жинап, танымал болуға ұмтылу мақсатында қауіпті жағдайлар ұйымдастыруға жол берілмейтінін ескертеді.

Бір ай бұрын Астана қаласында полицияның бір қызметкерін алдаған екі пранкер 15 және 10 тәулікке қамалған.

Сондай-ақ оқыңыз