
Samsung компаниясы Galaxy Glasses ақылды көзілдірігін шығармақ.. Көзілдірікке Gemini жасанды интеллектісі енгізіледі. Соның арқасында ол қоршаған ортаны талдап, пайдаланушының сұрақтарына жауап береді әрі дисплейсіз жұмыс істей алады. Бұл туралы SamMobile хабарлады.
Құрылғы корпусында бірнеше басқару элементі орналасқаны байқалады. Атап айтқанда, суретке түсіруге арналған жеке батырма, функцияларды басқаруға арналған сенсорлық панель және қуатты қосып-өшіруге арналған арнайы тетік бар.
Смартфонмен бірге жұмыс істеуге бейімделген
Жаңа құрылғының басты ерекшеліктерінің бірі – Samsung смартфондарымен тығыз байланысы. Ақылды көзілдірікпен түсірілген фотосуреттер телефондағы NowBar панелі арқылы бірден көрсетіледі. Бұл пайдаланушыларға қосымша қолданбаларды ашпай-ақ суреттерді жылдам қарап шығуға мүмкіндік береді.
Galaxy Glasses қашан таныстырылады
Samsung компаниясы Galaxy Glasses құрылғысын Google, Qualcomm, сондай-ақ Warby Parker және Gentle Monster көзілдірік өндірушілерімен бірлесіп әзірлеп жатыр.
Компания Galaxy Unpacked шарасында құрылғыға қатысты жаңа мәліметтерді жариялауы мүмкін. Ал Galaxy Glasses ресми түрде биылғы жылдың соңына қарай таныстырылады деп күтілуде.
Айта кетейік, мамыр айында Samsung компаниясының нарықтағы құны 1 триллион доллардан асып, тарихи рекорд орнатты. Компания акциялары 15 пайыздан астамға қымбаттап, Samsung бұл деңгейге жеткен Азиядағы екінші компания атанды.