Әнші Тамара Асар не үшін депутат болғысы келетінін айтты

Жарияланды 8 Шілде 2026 10:03

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
Тамара Асар саясатқа не үшін келгенін түсіндірді / фото: instagram

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Тамара Асар саяси аренаға қадам басып, «Қазақстан Халық партиясының» қатарына қосылды. Өнер иесі бұл шешімінің астарында халыққа, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар жандарға шынайы көмек көрсету мақсаты тұрғанын мәлімдеді. Бұл туралы әнші instagram парақшасында айтты.

«Саясат – өнердегі жолымның жалғасы»

Әнші өнер адамы ретінде де, халықтың қызы ретінде елдің тыныштығы мен амандығы үшін үлкен жауапкершілікті сезінетінін жеткізді. Оның айтуынша, жылдар бойы еліміздің ірі шаһарларынан бастап, шалғай ауылдары мен кен орындарын аралау барысында қарапайым халықтың мұң-мұқтажымен етене танысқан.

«Маған бұл партияның «Халық» деген атауының өзі өте жақын. Бағдарламасымен танысып, көңіліме қонды. Мен бұл партияға барлық мәселенің жауабын білемін деп келген жоқпын. Мен тыңдауға, үйренуге, бірге жұмыс істеуге және елмен бірге болуға келдім. Өйткені халықпен жұмыс істеудің ең басты шарты – шынайылық», – дейді Тамара Асар.

Ерекше қажеттілігі бар жандардың мәселесін көтереді

Әнші өз тағдырындағы ауыр сынақтарды мысалға келтіре отырып, қиындық көрген жандарға құрғақ уәде емес, жанашырлық пен әділдіктің қаншалықты қажет екенін терең түсінетінін атап өтті. Саяси қызметтегі басты бағыттарының бірі ретінде денсаулығында кінәраты бар азаматтарды қолдауды таңдап отыр.

«Аяғы мен қолын жоғалтқан адамдардың жүректеріне жалау болармын мүмкін. Мен бұл тақырыпты өзім арқылы ұзақ зерттедім. Ол жайындағы мәселелерді бүге-шүгесіне дейін жақсы білетініме сенімдімін. Осы мәселені көбірек қозғауға тырысамын», – деп ағынан жарылды өнер иесі.

Тамара Асар барлық саяси ұйымның түпкі мақсаты халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру екенін айта келе, өзіне сенім білдірген «Қазақстан Халық партиясына» алғысын білдірді.

Айта кетейік, бұдан бөлек «Қазақстан Халық партиясының» қатарына актриса, тележүргізуші Аша Матайда қосылып, Құрылтай сайлауына түсетінін мәлімдеді.

Құрылтай сайлауы 23 тамыз күні өтеді. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 23 шілде 18:01-де басталып, 22 тамыз 00:00-ге дейін жалғасып, жалпы 29 күнге созылады.

Сондай-ақ оқыңыз