Қашаған операторына 2,3 трлн теңге айыппұлды төлеуге бір апта берілді

Жарияланды 14 Шілде 2026 14:49

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Қашаған операторы бір апта ішінде айыппұлды өтеу керек / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қашаған кен орнын игеретін North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы 20 шілдеге дейін мемлекетке 2,3 трлн теңге көлеміндегі экологиялық айыппұлды төлеуге тиіс. Бұл туралы Интерфакс Қазақстан Әділет министрі мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, белгіленген мерзімде төлем жасалмаса, компанияға қатысты мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады.

Айыппұлдың нақты сомасы – шамамен 2,356 трлн теңге (шамамен 5 млрд доллар). Бұл Қазақстан тарихындағы ең ірі экологиялық айыппұлдардың бірі саналады.

Дау Қашаған кен орнында күкіртті белгіленген мөлшерден артық сақтауға байланысты туындаған. Қазақстан билігі 2022 жылы жүргізілген тексеру кезінде кәсіпорын аумағында рұқсат етілген көлемнен артық күкірт сақталғанын мәлімдеген. Осыдан кейін NCOC-қа ірі көлемде айыппұл салынды.

2026 жылғы 8 сәуірде Астана соты айыппұлды өндіріп алу туралы бұған дейінгі шешімді күшінде қалдырды. NCOC бұл шешіммен келіспейтінін және күкіртпен жұмыс істеу кезінде Қазақстан заңнамасын сақтағанын мәлімдеді.

Қашаған жобасының шетелдік акционерлері дауды халықаралық арбитражға да шығарды. Консорциум құрамына Shell, Eni, ExxonMobil, TotalEnergies, CNPC, Inpex және «ҚазМұнайГаз» кіреді.

Соған қарамастан, Әділет министрлігінің қазіргі ұстанымына сәйкес, оператор айыппұлды 2026 жылғы 20 шілдеге дейін ерікті түрде төлеу керек. Мерзім аяқталғаннан кейін берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу процесі басталуы мүмкін

Сондай-ақ оқыңыз