Жаңалықтар

Еуро Одақ Қызыл теңіздегі қауіпсіздік шараларын кеңейтуде

Ормұз бұғазындағы Бандар-Аббас маңындағы кемелер
Еуро Одақ Қызыл теңіздегі қауіпсіздік шараларын кеңейтуде / фото: Amirhosein Khorgooi/ISNA/WANA via REUTERS

Еуро Одақтың сыртқы саясат басшысы Кая Каллас Джибутиде Еуропа флотын күшейту үшін қауіпсіздік бойынша жаңа келісімге қол қойды, деп хабарлайды Euronews.

Еуропалық одақ Иран қолдайтын хуситтер Тегеранның нұсқауымен Африка мүйісі аймағындағы негізгі жаһандық кеме қатынасы мен мұнай бағытының қақпасы Баб-эль-Мандеб бұғазын жауып тастауға дайындалып жатқанынан сескенеді. Сондықтан Қызыл теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі өз миссияларын күшейтуде.

«Баб-эль-Мандеб – араб тілінен аударғанда «Көз жасының қақпасы» – Араб түбегіндегі Йеменді Африка мүйісіндегі Джибути мен Эритреядан бөліп тұратын, ең тар жері шамамен 30 шақырым болатын кішкене бұғаз. Ол арқылы әлемдік теңіз тасымалының шамамен 10–15%-ы өтеді, оның ішінде Еуропаға мұнай мен газ импортының айтарлықтай үлесі бар. Бұғаздың жабылуы кемелерді Үміт мүйісін айналып өтетін әлдеқайда ұзақ бағытпен жүруге мәжбүр етер еді, бұл Азия мен Еуропа арасындағы рейстерге екі-үш апта қосып, тасымалдау құнын күрт арттырар еді», – деп жазады басылым.

ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас бейсенбі күні Джибутиге сапарын аяқтады, онда ол хуситтер тарапынан төнген қауіп-қатерлер аясында Қызыл теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ЕО-ның Aspides және Atalanta әскери-теңіз миссияларына барды.

Одақ сыртқы саясат қызметінің басшысы Джибути үкіметімен Aspides операциясына арналған күштердің мәртебесі туралы жаңа келісімге – Еуропаның қатысуын күшейтуге бағытталған қауіпсіздік саласындағы бірлескен келісімге қол қойды, сонымен қатар хуситтердің Сауд Арабиясына жасаған соңғы зымырандық соққылары құрлықтағы тұрақсыздықтың теңіздегі қорғаусыздыққа әкелетінін көрсететінін ескертті.

Басылым Калластың сапары Тегеранның АҚШ Иранның инфрақұрылымына шабуыл жасаған жағдайда хуситтерден Баб-эль-Мандеб бұғазын жабуға дайындалуды талап еткені туралы хабарлармен тұспа-тус келгенін атап өтеді.