
Талдықорғанда ыстық су 20 шілде мен 17 тамыз аралығында болмайды, деп хабарлайды қала әкімдігі. Қалада 20 шілдеде қазандықта жөндеу жұмыстары басталады, соған байланысты қалада ыстық су бір айға жуық уақытқа өшіріледі.
«»Басқуат» қазандығы мен жылу желілерінде жоспарлы жөндеу-профилактикалық жұмыстарын жүргізуге байланысты 2026 жылдың 20 шілдесі мен 17 тамызы аралығында қала бойынша ыстық су беру уақытша тоқтатылады», – делінген әкімдік сайтында.
«Басқуат» қазандығы 1980 жылы іске қосылған, оның тозу деңгейі 72 пайыздан асады.
«Талдықорғанжылусервис» кәсіпорнының мәліметінше, қазандықта жылыту маусымына дайындық аясында жыл сайын жоспарлы жөндеу-профилактикалық жұмыстары жүргізіледі.
Ыстық сусыз қалатындар:
- 835 көппәтерлі тұрғын үй;
- 210 бюджеттік мекеме;
- 1 285 жеке тұрғын үй;
- 1 322 басқа да тұтынушылар.
«Қазандықтың негізгі жабдықтары мен жылу желілеріне техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ тозған бөлшектерді ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл алдағы қысқы кезеңде апаттық жағдайлардың алдын алуға және тұрғындарды сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді «Талдықорғанжылусервис» КМК директоры Абзал Жағыпаров.
Компания тұрғындардан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрайды.