АҚШ Қазақстан тауарларына 12,5% жаңа баж салығын енгізді

Жарияланды 24 Шілде 2026 09:15

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
АҚШ Қазақстанға тағы да баж салығын енгізді / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

АҚШ Қазақстаннан келетін тауарларға 12,5% көлемінде қосымша импорттық баж салығын енгізді. Жаңа тариф 2026 жылғы 24 шілдеден бастап күшіне енді. Алайда айта кетейік, құжатта 24 шілдеге дейін жолға шыққан тауарлар АҚШ аумағына 28 шілдеге дейін кірсе, жаңа баж қолданылмайды.

Қазақстан бұл жолы жалғыз емес. Вашингтон жаңа сауда шарасын жалпы 60 мемлекет пен экономикаға қатысты қабылдады. Олардың бір бөлігіне 10%, қалған елдерге, соның ішінде Қазақстанға 12,5% мөлшерінде баж белгіленді.

АҚШ шешімін мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарлардың халықаралық саудасына қарсы күреспен түсіндірді. АҚШ Сауда өкілінің кеңсесі Қазақстанда мәжбүрлі еңбек қолданылған тауарлардың импортына толық тыйым салатын және оны тиімді бақылайтын жүйе жоқ деп есептейді.

Бұл жерде АҚШ Қазақстанда өндірілетін тауарлар міндетті түрде мәжбүрлі еңбекпен жасалады деп отырған жоқ. Мәселе – Қазақстанның басқа елдерден осындай өнімдердің келуіне тыйым салатын сауда тетіктеріне қатысты.

Жаңа тәртіп бойынша Қазақстан тауарларына бұрын қолданылған кедендік мөлшерлеменің үстіне тағы 12,5% қосылуы мүмкін. Алайда баж барлық өнімге бірдей жүрмейді.

АҚШ мұнай мен газды, тыңайтқыштың кейбір түрлерін, бірқатар азық-түлікті және болат, алюминий, мыс пен автокөлік секілді басқа сауда шараларына енген өнімдерді жаңа баждан босатты. Азаматтық авиацияға, фармацевтикалық мақсаттағы тауарларға және гуманитарлық жүктерге де жеңілдіктер қарастырылған.

Сондықтан Қазақстан экономикасына түсетін жалпы салмақ алғашқы қарағанда 12,5%-дан төмен болуы ықтимал. Елдің АҚШ-қа жөнелтетін мұнайы жаңа баждан босатылады. Бірақ жеңілдік тізіміне кірмейтін өңделген және өнеркәсіптік өнімдердің америкалық нарықтағы бағасы өсіп, бәсекеге қабілеттілігі төмендеуі мүмкін.

Былтыр тамыз айында АҚШ Қазақстан тауарларына 25% баж салығын салған еді.

Сондай-ақ оқыңыз