
Алакөл жағалауында бір айдың ішінде 95 бала адасып қалды. Полиция оларды ата-анасына табыстады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Алакөлде туристік маусым басталғалы бері жергілікті полицияға 110 хабарлама мен шақырту түсті. Құзырлы мекеме қызметкерлері түрлі жағдайға тап болған ондаған туриске көмек көрсетті.
Бұдан бөлек, қызмет барысында 1 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
«Ең көп тіркелген құқық бұзушылық – қоғамдық тәртіпті бұзу және жол қозғалысы қағидаларын сақтамау», – деп таратты polisia.kz.
Көлікті мас күйінде басқару деректері полицияны ерекше алаңдатып отыр. Бір айда алкоголь тұтынған 24 жүргізуші анықталған. Олар көлік басқарудан шеттетіліп, заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Құзырлы мекеме курорттағы қауіпсіздік полиция қызметкерлерінің жұмысына ғана емес, әрбір демалушының жауапкершілігіне де байланысты екенін еске салды.
Бұған дейін Алакөлдегі құтқарушылар туристік орында тәртіп сақтау қаншалықты маңызды екенін түсіндірген.