
Әнші Әділет Жауғашардың «Қыздың «жоқ» дегені «иә» дегенді білдіреді» деген сөзі бар жаңа әні әлеуметтік желіде наразылық тудырды. Тыңдармандар бұл пікірді зорлық-зомбылықты немесе қыздардың еркінен тыс әрекеттерді ақтау деп бағалап, өнер иесін сынға алды.
Желідегі қызу талқы мен бойкотқа шақырған жазбалардан кейін Әділет Жауғашар арнайы видеоүндеу жариялап, халыққа жағдайдың мән-жайын түсіндіруге тырысты.
«Әзілхан Нұршайықовтың сөзі еді…»
Әнші өз мәлімдемесінде бұл сөздің түп-тамыры әдебиеттен алынғанын және ешқандай жаман ниеті болмағанын алға тартты.
«Сүй, иә» деген әнге текст жазатын кезде Әзілхан Нұршайықов атамыздың сөзіне сүйеніп отырып жаздық. Бірақ біз өмір сүріп жатқан қоғам екі түрлі екенін аңғармаппыз. Бұл сөздің бұлай көптің көңіліне тиіп кететінін білген жоқпыз. Өз басым зорлық-зомбылыққа, тиранияға қарсы адамдардың бірімін. Ананың сүтін еміп, әкенің қасында өстік. Бұл ән енді көңілдеріңізден шықпай, ұнамай жатса, екінші орындамаймын деп шештім», – деді әнші.
Бойкот пен концерт төңірегіндегі дау
Сондай-ақ әнші желіде өзін айыптаушылардың сөзі тым шектен шығып кеткенін, өнері мен жеке өміріне қауіп төндіретін пікірлер жазылып жатқанын тілге тиек етті.
Желі қолданушыларының «Әділет Жауғашарды құрту керек», «Алматы Аренадағы концертіне бармаңыздар» деген шақыруларына қатысты өнер иесі:
«Бұл сәл артықтау. Өйткені өмір бойы осындай үлкен сахналарда, ареналарда концерт беруді армандадық. Соған сәл қалғанда мұндай іс істемеңіздер», – деді.