
Жетісу өңіріндегі табиғаты сұлу орындардың бірі – Жасылкөлге апаратын жол жөнделіп жатыр. Суы жасыл көл Жоңғар-Алатауы ұлттық табиғи паркінде орналасқан.
Ұлттық парк мәліметінше, Жасылкөлге дейінгі жолдың 4,5 шақырымы салынып бітті. Жол қиыршық тастан жасалып жатыр.
Осы уақытқа дейін мұнда арнайы төселген жол болмаған. Енді туристердің сұлу көлге жетуі жеңілдейді.
Жасылкөл Жетісу облысының Сарқан ауданында, Жоңғар Алатауы жотасының солтүстік беткейінде орналасқан. Ол теңіз деңгейінен шамамен 1,6 мың метр биіктікте жатыр. Көлдің ұзындығы – 2 шақырым, ең кең тұсы – 700 метр. Тереңдігі 100 метрге дейін жетеді. Жасылкөл жүздеген жылдар бұрын Кикөзен ағысының бөгелуінен пайда болған. Өзен суының осында жиналып қалуына зілзала әсер еткен.
Естеріңізге сала кетейік, тағы бір табиғаты сұлу мекен – Қайыңдыға апаратын жол құрылысы жүріп жатыр. 10 шақырымға 2,43 млрд теңге аударылған.