
Әлеуметтік желіде марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуаның өліміне және оның бұрынғы жұбайы Зейнел Әділеттің араға 8 ай салмай қайта отбасын құруына қатысты пікірлер қарша борап жатыр. Осыған байланысты марқұмның анасы Сәлима Ершанкүлқызы бұқара халық пен журналистер тарапынан түсіп жатқан толассыз сұрақтарға жауап беріп, ресми мәлімдеме жасады.
«Үлкендері де, өзі де алдымыздан өткен жоқ»
Марқұмның анасы Әділеттің бұл іс-әрекеті отбасы үшін күтпеген жағдай болғанын атап өтті.
«Мен Мырзуан Ұлдана Қалдарханқызының анасы – Сәлима Ершанкүлқызымын. Көпшіліктің сұрауы бойынша алдарыңызға шығып отырмын. «Әділеттің бүгінгі іс-әрекеті бойынша алдарыңыздан өтті ме?» деп жатыр. Жоқ, алдымыздан өткен жоқ. Ата-анасы да, үлкендері де алдымыздан өткен жоқ», – деді анасы.
Тергеу барысы мен мүлік мәселесі
Салима Ершанкулқызы қызының өліміне қатысты жүріп жатқан тергеу барысы мен отбасылық мүлікке қатысты жайттарды да ашып айтты.
Тергеу барысында Әділет жәбірленуші болып танылған. Анасы Әділеттің енді жәбірленуші мәртебесінен бас тартуын талап етіп отыр.
Сондай-ақ марқұмның өз ақшасына алған көлігі 18 қарашадан бастап 22 шілдеге дейін Әділеттің иелігінде болған. Тек 22 шілдеден бастап қана бұл автокөлік Ұлдананың ата-анасының атына аударылған.
Анасы сөз соңында қызының заңды мүдделерін ақырына дейін корғауға өз ниетін білдірді.