
Әйгілі режиссер Кристофер Ноланның асыға күткен жаңа туындысы – «Одиссея» фильмі отандық прокатқа шыққан алғашқы күннен бастап көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, кассалық рекордтарды жаңартып жатыр.
Кинотеатрлардағы кассалық түсімдердің көрсеткіші бойынша, фильм екінші аптада 552 млн теңгеден астам қаражат жинады. Ал алғашқы көрсетілім аптасында картина 656 млн теңгеге жуық рекордтық қаржы жинаған болатын. Осылайша, екі аптаның қорытындысы бойынша «Одиссеяның» жалпы кассасы 1 млрд 200 млн теңгеден асып, биылғы жылдың ең табысты киноларының біріне айналды.
Халық неге жаппай «Одиссеяға» барып жатыр
Картина ежелгі грек мифологиясындағы ең танымал эпос – Гомердің «Одиссеясының» негізінде түсірілген. Фильмде Троя соғысы аяқталғаннан кейін үйіне, Итака аралына оралуға тырысқан аңызға айналған патша Одиссейдің он жылдық қиын-қыстау, қауіпке толы саяхаты суреттеледі.
Кристофер Нолан («Интерстеллар», «Начало», «Оппенгеймер») бұл фильмде де өз дәстүрінен танбай, заманауи компьютерлік графикадан (CGI) мүмкіндігінше бас тартып, практикалық эффектілерді, шынайы декорациялар мен IMAX масштабтарын кеңінен қолданған. Бұл көрерменге ежелгі грек мифтерінің атмосферасын барынша терең сезінуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, фильмге Голливудтың ең таңдаулы актерлері қатысқан. Басты рольдерді Мэтт Дэймон, Киллиан Мерфи, Зендея, Том Холланд, Роберт Паттинсон және Энн Хэтэуэй сияқты әлемдік деңгейдегі жұлдыздар сомдайды.
Оқи отырыңыз: «Өрмекші-адам» фильмі бір аптада 927 млн доллар жинап рекорд орнатты.