
Жедел жад (DRAM) тапшылығының салдарынан iPhone 18 Pro алғашқы кезеңде шектеулі көлемде сатылымға шығуы мүмкін.
9to5mac.com ақпаратына қарағанда, бұл туралы Culpium жариялаған жаңа есепте айтылған.
DRAM тапшылығы өндірісті баяулатты
Мәліметке сәйкес, биылғы iPhone 18 Pro моделі Apple A20 Pro процессорымен жабдықталады. Бұл – TSMC компаниясының N2 технологиялық процесімен шығарылған алғашқы чип. Оның жаппай өндірісі жыл басында басталған.
Кейін A20 Pro чипі TSMC-дің жаңа Wafer-Level Multi-Chip Module (WMCM) технологиясы арқылы DRAM жад модульдерімен біріктіріледі.
Дереккөздің мәліметінше, A20 Pro чиптерінің өндірісі жоспарға сай жүріп жатыр. Жарамды өнім көлемі де жоғары. Алайда оларды келесі өндірістік кезеңге жіберу үшін қажетті DRAM жады уақытында жеткізілмей отыр.
Соның салдарынан TSMC қоймаларында құны шамамен 1 миллиард долларды құрайтын Apple процессорлары жиналып қалған. Олар DRAM модульдерін күтіп тұрғандықтан, өндірістің келесі кезеңіне өте алмай жатыр.
Apple жеткізілімге алаңдаулы
Жад тапшылығының кесірінен Apple компаниясы iPhone 18 Pro үшін жоспарланған қор көлемін қалыптастыра алмауы мүмкін.
Culpium сарапшысы Калпанның айтуынша, Apple мен оның өндірістік серіктестері алғашқы сұранысты қамтамасыз ете алатынына әлі де сенімді. Дегенмен компания интернет-дүкендердегі алдын ала тапсырыстардың күту мерзімі тез ұзаруы және бөлшек саудадағы қордың қысқа уақытта таусылып қалуы мүмкін екеніне алаңдап отыр.
Сұраныс бұрынғыдан да жоғары болуы мүмкін
Биыл жағдайды күрделендіретін тағы бір жайт бар. Бұған дейін тараған мәліметтерге сәйкес, Apple алғаш рет жаңа базалық iPhone 18 моделін күзде таныстырмайды. Оның шығуы 2027 жылдың басына шегерілген.
Сонымен қатар биыл күзде iPhone Air 2 де таныстырылмайды деп күтілуде.
Осылайша, осы күздегі негізгі жаңа өнімдер iPhone 18 Pro, iPhone 18 Pro Max және бағасы жоғары iPhone Ultra болмақ. Сондықтан Pro сериясына деген сұраныс әдеттегіден де жоғары болуы ықтимал.
Apple жаңа iPhone, iPad және Mac құрылғылары жетіспеуі мүмкін екенін ескерткен.