
Абай күніне орай Алматы қаласында ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл қою салтанаты өтті.
Салтанатты іс-шараға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Сондай-ақ шарадан Ұлттық ғылым академиясының, Қазақстан Жазушылар одағының, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының өкілдері, білім беру саласының қызметкерлері мен қала жастары да бой көрсетті.

Салтанатты рәсімнің соңы ерекше әсерлі сәтпен аяқталды: Қазақстанның халық әртісі Болат Әбділманов терең мағыналы «Абайдың жұмбағы» монологын орындады.

Бұл күндері Алматыда хәкім Абайдың өмірі мен бай мұрасына арналған ауқымды тақырыптық іс-шаралар тізбегі өтіп жатыр.
Өткен сенбіде «Абай әлемі» музыкалық кеші өтіп, 20 мыңнан астам қала тұрғыны мен меймандары жиналып, ақын әндерін бірге шырқады. Бүгін де шаһардың барлық кітапханаларында, музейлерінде, жастар комьюнити орталықтары мен басқа да мәдени алаңдарда Абай шығармашылығын ұлықтайтын түрлі мерекелік шаралар жалғасын тауып отыр.
Бұған дейін, президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтаған еді.