Иран Ормұз бұғазын ашу үшін АҚШ-қа жаңа талап қойды

Жарияланды 10 Тамыз 2026 09:35

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Иран АҚШ-қа талап қойды / фото: ЖИ көмегімен жасалды

Иран әлемдік мұнай нарығы үшін аса маңызды Ормұз бұғазын қайта ашуға дайын екенін білдірді. Алайда Тегеран бұл үшін АҚШ бірнеше талапты орындауы керек деп отыр. Reuters мәліметінше, Иран мен Оман бұғаз арқылы кеме қатынасын қалпына келтіруге арналған келісімді аяқтауға жақындаған.

Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Оманмен «жаңа теңіз бағыттары» туралы келіссөздер соңғы кезеңге жеткенін айтты. Бірақ оның сөзінше, бұл Ормұз бұғазы автоматты түрде ашылады деген сөз емес.

Тегеран Вашингтоннан Иран порттарына енгізілген теңіз блокадасын алып тастауды, санкцияларды тоқтатуды, бұғатталған ирандық активтерді босатуды және соғыс кезінде келтірілген шығынды өтеуді талап етіп отыр. Сонымен бірге Иран АҚШ-тың аймақтағы әскери әрекеттеріне қатысты қосымша кепілдіктер сұраған.

Оманмен талқыланып жатқан уақытша схема бойынша кемелер Ормұз бұғазына Иран жағынан кіріп, Оман жағынан шығуы мүмкін. Өтпелі кезеңде кемелерден арнайы алым алынбауы қарастырылып жатыр. Дегенмен келісімнің соңғы талаптары әлі өзгеруі мүмкін.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен байланыс толық тоқтамағанын айтып, тараптар арасында жанама келіссөздер жалғасып жатқанын білдірді. Бірақ Вашингтон Тегеранның жаңа талаптарына әзірге нақты жауап берген жоқ.

Айта кетейік brent маркалы мұнай бағасы қайта көтерліп, барреліне 85 долларға жақындады.

Сондай-ақ оқыңыз