
Тамыз айында қазақстандықтар жылдың ең көрікті астрономиялық құбылыстарының бірі – Персеидтер метеор ағынын тамашалай алады. Ғалымдардың айтуынша, 2026 жыл бұл жұлдыз жаууын бақылау үшін ең қолайлы кезеңдердің бірі болып отыр.
Ең белсенді шағы қашан?
Метеор ағынының шырқау шегі 12 тамыздан 13 тамызға қараған түнге келеді.
В. Г. Фесенков атындағы Астрофизика институты директорының орынбасары Рашит Валиуллиннің айтуынша, аспанды жергілікті уақытпен түн ортасынан кейін және таң атар алдында (сағат 03:00 мен 05:00 аралығында) қараған дұрыс. Бұл уақытта Персей шоқжұлдызы солтүстік-шығыс жиектен жоғары көтеріледі.
Тамашалауға арналған кеңестер:
- Ай жарығы кедергі жасамайды: Биылғы максимум жаңа ай кезеңіне тұспа-тұс келгендіктен, аспан қараңғы әрі ашық болады.
- Арнайы құралдар қажет емес: Телескоптың керегі жоқ, телескопсыз-ақ жалаң көзбен көруге болады. Ең бастысы – қала жарығынан алыс жер таңдап, көзді қараңғылыққа үйрету.
- Тура ортасына қарамаңыз: Көріністі жақсырақ бақылау үшін метеорлар ұшып шығатын нүктеге (радиантқа) емес, одан сәл шеткерірек (40–60 градус жан-жағына) қараған жөн. Дәл осы тұста ең ұзын әрі жарқын іздер көрінеді.
- Қанша метеор көруге болады? Қала сыртында, ашық аспанда сағатына 80–100-ге жуық метеор байқауға болады.
Жұлдыз ағыны неден пайда болады
Бұл құбылыс Жер 133 жылда бір рет Күнді айналып өтетін 109P/Свифт–Туттль кометасының шаңы мен бөлшектеріне тап болғанда орын алады. Көлемі құм түйірідей бөлшектер Жер атмосферасына 59 км/с жылдамдықпен кіріп, заматта жанып кетеді. Ал біз оны аспандағы жарқыраған сәулелі із ретінде көреміз.
Егер тамыздағы жұлдыз жаууын өткізіп алсаңыз, өкінбеңіз! Күзге қарай, 21–22 қазанда қазақстандықтар Орионидтер метеор ағынын тамашалай алады.